Алматыда оқушылардың улануы: РФММ қызметкерлерінен стафилококк бактериясы анықталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) оқушыларының улануына байланысты зерттеудің алдын ала нәтижелері белгілі болды.
Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің (СЭБД) мәліметінше, ауру ошағы оқшауланып, инфекцияның берілуінің болжамды факторлары анықталғанына қарамастан, аталған дерек бойынша тергеп-тексеру толық аяқталған жоқ.
Бұл жағдайға байланысты департамент мамандары науқас оқушылар мен ас блогының 38 қызметкерін тексерген. Сонымен қатар 12–15 қазан аралығында зертханалық зерттеулер жүргізу үшін дайын тағамның 7 сынамасы, дайын өнімнің 2 сынамасы, шикі өнімнің 3 сынамасы, беткейлер мен ыдыстардан алынған 30 шайынды, судың 5 сынамасы және дезинфекциялау құралдарының 2 сынамасы алынған.
- Зертханалық зерттеулер нәтижесінде кейбір дайын тағамдардан микробтық ластану, тағам сынамалары мен ыдыстардан алынған шайындылардан ішек таяқшалары тобының бактериялары анықталды. Сонымен қатар дезинфекциялау құралының жұмыс ерітіндісі нормативтік талаптарға сәйкес келмеген, - деп хабарлады департаменттен.
СЭБД мәліметіне сәйкес, жедел ішек инфекциялары науқастарға тағам арқылы жұққан. Жүргізілген сауалнама нәтижесінде барлық оқушылар мектеп-интернат асханасында тамақтанғанын айтқан.
- Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі аурудың пайда болуын тауық етінен дайындалған рулет пен бешбармақты тұтынумен байланыстырған, - деп атап өтті СЭБД.
Одан бөлек зертханалық зерттеулер нәтижесінде төрт қызметкерден Staphylococcus aureus (стафилококк) бактериясы анықталған. Олар мемлекеттік бас санитариялық дәрігердің тиісті қаулысы негізінде жұмыстан уақытша шеттетілді.
Департамент мамандары ас блогы мен интернаттың үй-жайларын тексеру барысында тамақтануды ұйымдастыруға, құжаттаманы жүргізуге, азық-түлік өнімдерін сақтау шарттарын сақтауға, асүй мүлкін таңбалауға қатысты санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуын анықтаған.
Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы 2 хаттама жасалған:
- - «РФММ» КЕАҚ-ға қатысты ҚР ӘҚБтК 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.
- - «MasterFood» ЖШС-не қатысты ҚР ӘҚБтК 425-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бойынша материалдар полиция департаментіне жолданды.
Сондай-ақ «MasterFood» ЖШС асханасы мен РФМШ мектеп-интернатының қызметі 60 күн мерзімге тоқтатылған. Департамент мамандары мектеп асханасы санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзушылықтары толық жойылғанда ғана қайта ашылатынын мәлімдеді.
Еске салайық, 14 қазанда РФММ-нің 48 оқушысы жіті ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылды.
Кейін РФММ әкімшілігі оқушылардың ауруханаға түсуіне байланысты түсінік берді. 14–16 қазан аралығында мектеп сабақтары онлайн форматта өтті.
Сондай-ақ аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалды.
Кейін ауруханаға түскен оқушылардың саны артқаны белгілі болды.
22 қазанда Алматыда уланған РФММ оқушыларының барлығы емханадан шығарылды.