Алматыда өзбекстандық ирригация институтының филиалы ашылмақ

Алматы қаласында өзбекстандық Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механизациялау институтының филиалы ашылмақ. Бұл туралы осы жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, келер жылдың жоспарлары жариялаған жиында Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Алматыда
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Елші сөз басында биыл көптеген жобалар қолға алынып, нәтижелі кездесулер мен келіссөздер өткенін атап өтіп, келер жылдың жоспарына тоқталды.

«Келесі жылы да маңызды істер атқарылмақ. Яғни, Самарқандта Үкімет басшыларының өңіраралық форумын өтеді, Қазақстанда үкіметаралық комиссияның кезекті отырысы ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары жоспарланып отыр. Оның аясында бірқатар мәдени іс-шаралар болады, атап айтқанда Әлішер Науаиге арналған ескерткішті ашу жоспарлануда. Бұған қоса, таяуда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Шыршық қаласындағы филиалын, ал Алматыда Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механизациялау институтының филиалын ашу көзделіп отыр», - деп мәлім етті Бейбіт Атамқұлов.

Оның айтуынша, келесі жылы отандық режиссер, актерлердің қатысуымен Өзбекстанда Қазақстанның кино және театр күндері өткізіледі.

«Алдағы жылы Өзбекстанда қазақстандық «Jibek Joly» арнасының телехабарларын тарату, сәйкесінше Қазақстанда өзбекстандық «O`zbekiston-24» арнасының хабарларын көрсету басталады. Бұл қос елдің арасындағы қарым-қатынасқа елеулі серпін бере түсері сөзсіз», - деп түйіндеді Бейбіт Атамқұлов.

Соңғы жаңалықтар