Алматыда Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне пәтер кілті табысталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында медаль алған спортшыларға пәтер кілттерін табыс етті.

Бес спортшы жаңа пәтерге ие болды. Спорттық гимнастикадан Олимпиаданың күміс жүлдегері Нариман Құрбанов екі бөлмелі пәтер алды. Қола жүлдегерлер – боксшы Назым Қызайбай мен мерген Ислам Сәтбаевқа бір бөлмелі пәтер берілді.

Қазіргі уақытта қола медаль иегерлері, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев пен пневматикалық мылтық атудан Александра Ле жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстарға қатысып жатыр. Сондықтан оларға баспана кілттері Алматыға оралғаннан соң беріледі.
– Сіздірдің жеңістеріңіз – көп жылғы қажырлы еңбектің нәтижесі және кейінгі жас спортшыларға үлгі. Алматы еңбектеріңізді жоғары бағалайды және жаңа жетістіктерге жету жолында сіздерді үнемі қолдайды, - деді Бейбіт Шаханов.


Еске салайық, былтыр 20 тамыз күні Алматы қаласының әкімдігінде Олимпиада жүлдегерлерімен салтанатты кездесу өтті. Іс-шара аясында спортшыларға ақшалай сертификаттар, автокөлік кілттері, сондай-ақ тұрғын үй алуға сертификаттар табыс етілген болатын.
– Жүлдегерлерге берілген сертификат – титулды спортшыларды пәтерлермен қамтамасыз ету тетігінің бірінші кезеңі. Сертификаттар тапсырылғаннан кейін тұрғын үй сатып алу рәсімі іске қосылды. Бұл процесс жеке бюджетті қалыптастыруды және конкурс жариялаудан бастап шарттар жасасуға дейінгі барлық қажетті мемлекеттік сатып алу рәсімін өткізуді қамтиды. Бұл процедуралар заңнамамен қатаң реттеледі және белгілі бір уақытты қажет етеді. 2025 жылдың 9 қаңтарында барлық заңды және сатып алу процедуралары аяқталды. Спортшылардың жайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін пәтерлерде әрлеу жұмыстары жүргізілді. Спорт басқармасының қызметкерлері осы уақыт ішінде әр жүлдегермен байланыста болды және кілттерді тапсыру күні әрқайсысымен келісілді, - деп атап өтті әкімдіктен.
Айта кетейік, Назым Қызайбай Олимпиаданың қола жүлдесін жеңіп алған болатын.
Олимпиаданың қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевтың аға лейтенант болып барып, капитан болып қайтқаны туралы жазған едік.