Алматыда пәтер тонаумен айналысқан күдіктілер ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда криминалдық полиция қызметкерлері қала аумағында пәтер тонаумен айналысқан адамдар тобының қылмыстық әрекетін әшкереледі.

Алматыда пәтер тонаумен айналысқан күдіктілер ұсталды
Фото: Алматы полициясы

Тергеу мәліметінше, топ мүшелері алдын ала келісіп, жүйелі түрде әрекет етіп, тұрғын үйлерге заңсыз кіріп, азаматтардың бағалы заттары мен мүлкін ұрлаған.

— Қолға түсіру және одан кейінгі тергеу әрекеттері барысында күдіктілердің қылмыстық әрекеттерге қатысы бар екенін дәлелдейтін заттай айғақтар тәркіленді. Ұрланған мүліктің бір бөлігі заңды иелеріне қайтарылды, — деп хабарлады полиция.

Қазіргі таңда қылмыстық әрекеттің бірнеше дерегі анықталды. Ұсталғандардың Алматы аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бары тексеріліп жатыр.

Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Қажетті тергеу және жедел іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

— Мүліктік қылмыстардың алдын алу және жолын кесу бағытындағы жұмыс полицияның тұрақты бақылауында, — делінген полиция таратқан хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда екі күдікті жәбірленушіні байлап, зергерлік бұйымдар мен ақшаны ұрлап кеткенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар