Алматыда PM2.5 деңгейі ДДҰ нормасынан 6 есе асып, ауаның ластануы 30%-ға өсті
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Almaty Air Initiative (AAI) қоры Алматыдағы ауа сапасына қатысты 2025 жылға арналған жылдық аналитикалық есебін жариялады. Зерттеу нәтижесінше, мегаполис тұрғыны бір жыл ішінде лас ауамен тыныстау арқылы орта есеппен 518 темекі, яғни шамамен 26 қорап темекіге тең зиян жұтқан.
Мониторинг деректері PM2.5 ұсақ дисперсті бөлшектерінің орташа жылдық концентрациясы 31,2 мкг/м³ болғанын көрсетті. Бұл көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынатын деңгейден алты есе жоғары. 2024 жылмен салыстырғанда, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар салдарынан ауаның ластану деңгейі шамамен 30% артқан.
– Қаладағы тұмша түрлі ластаушы заттардың қоспасынан тұрады. PM2.5 және PM10 бөлшектерінен бөлек, ауа құрамында азот диоксиді (NO₂), күкірт диоксиді (SO₂), көміртегі тотығы (CO), озон (O₃) және басқа да зиянды заттар бар, - делінген хабарламада.
Есеп авторлары ең қауіпті әрі денсаулыққа тікелей әсер ететін көрсеткіш ретінде PM2.5 бөлшектеріне басымдық берген.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, жыл ішінде уақыттың 60%-дан астамында алматылықтар халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай келмейтін ауамен тыныстаған. «Таза» күндер саны 148 күнді құрап, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 16 күнге аз. Былтыр PM2.5 деңгейі ұлттық рұқсат етілген шекті мөлшердің (РШМ) жұмсақ стандартына 124 күн бойы сәйкес келмеген. Ең күрделі ахуал қыс мезгілінде тіркелген.
Желтоқсанда PM2.5 деңгейі 62,4 мкг/м³-ке жеткен. Ал 7 желтоқсан – жылдың ең лас күні ретінде белгіленді: сол күні көрсеткіш 145 мкг/м³ болып, Қазақстандағы рұқсат етілген нормадан төрт есе, ал ДДҰ жылдық ұсынымынан 10 есе асып түскен.
Сарапшылар ластану деңгейінің өсуін жылыту маусымымен байланыстырып отыр. Жылыту жүйесі іске қосылған қазан айынан бастап PM2.5 концентрациясы қаланың барлық ауданында, әсіресе жеке тұрғын үй секторында күрт артқан. Сонымен қатар қор мамандары қаланың төменгі бөлігінде тұратын тұрғындар тауға жақын аудандарға қарағанда ластанған ауаны көбірек жұтатынын анықтады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда экологиялық шектеулері бар аймақ белгіленгенін хабарлаған едік.