Алматыда рейдерлік шабуыл жасаған бір топ адам ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы полициясы заңсыз әрекеттер жасады деген күдікпен бір топ азаматты ұстады.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бірнеше адам үй-жайға заңсыз кіріп, иелеріне күш қолданып, өз талаптарын орындатуға тырысқан. Күдіктілер сыртқы бейнесі атыс қаруына ұқсас затты пайдаланған.
— Бұл жайт азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірді. Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде аталған қылмысқа қатысы бар барлық тұлғалар ұсталды. Қауіп төндіретін заттар заңсыз айналымнан тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады департаменттен.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда интернет-алаяқтық ісіне қатысты 10-нан астам адам ұсталды.