Алматыда Сайран көлінің маңынан қару табылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қару мен оқ-дәрі жасырылған орын анықталды.

Алматыда Сайран көлінің маңынан қару табылды
Видеодан алынған скрин

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Сайран көлінің маңынан тапаншаға ұқсас қару мен оқ-дәрілер табылған. Жасырын орын Садовников көшесіндегі жеке тұрғын үйлер орналасқан аумақта анықталған.

Бұл жерді Әуезов аудандық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы тексерді. Қару мен патрондар заңда белгіленген тәртіппен тәркіленіп, сараптамаға жіберілді.

— Алдын ала мәлімет бойынша табылған қару газды қару санатына жатуы мүмкін. Қазір полицейлер қарудың қайдан келгенін, кімге тиесілі екенін және қандай да бір қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтап жатыр, — деп хабарлады департаменттен.

Еске салайық, бұған дейін де мегаполисте қару жасырылған орындар анықталған болатын. Мәселен, Астрахан көшесіндегі үйлердің бірінің маңында, жол бойынан ТОЗ-25 тегіс ұңғылы мылтығы табылды. Ол кесілген мылтыққа айналдырып қайта жасалған. Сондай-ақ тапаншаға ұқсас зат пен әртүрлі калибрлі оқ-дәрілер анықталды.

Ал Медеу ауданындағы саяжай алқабынан ИЖ маркалы тегіс ұңғылы мылтық, тапанша және 16-калибрлі алты оқ-дәрі табылды.

Одан бұрын Түрксіб ауданында қараусыз қалған ғимараттың маңынан күдікті қап анықталды. Оның ішінен сыртқы белгілері ойық ұңғылы «Сайга» карабініне және тапаншаға ұқсас заттар, сондай-ақ карабинге арналған 10 патрон және тапаншаға арналған 4 патрон табылды.