Алматыда студенттердің жеке деректерінің таралуы: шешім әлі қабылданған жоқ
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде студенттердің жеке медициналық деректерінің желіде тарауына қатысты пікір білдірді.
«Бұл – Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты мәселе. Министр Саясат Нұрбек тиісті ақпаратпен бөлісті. Тергеп-тексеру амалдары әлі жүріп жатыр, нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Шешім қабылданғаннан кейін ақпаратпен бөлісеміз», - деп жауап берді Ақмарал Әлназарова ведомствоның кеңейтілген алқа отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, министр пациенттердің жеке медициналық деректері жалпы жариялауға жатпайтынын айтты.
Еске сала кетсек, Алматыда студенттердің жеке деректерінің таралуына қатысты сотқа дейінгі тексеру басталғаны туралы хабарлаған едік.
Болған жайтқа қатысты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пікір білдірген еді.