Алматыда тағы бір тұрғын үй кешені сүріліп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы «Қарағайлы» шағын ауданында орналасқан тұрғын үй кешенін бұзу жұмыстарының басталғанын хабарлады.

құрылыс
Фото: Алматы әкімдігі

Ведомство мәліметінше, жоспардан тыс тексеру барысында нысан сәулет-жобалау тапсырмасы алынбастан және жоба эскизі келіспестен, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау туралы хабарламасыз және тиісті сараптамасыз салғаны анықталған.

— Тапсырыс берушіге қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына ғимаратты сүру туралы талап-арыз берілді, — деп хабарлады басқармадан.

2023 жылдың 26 шілдесінде Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты бұл талапты қанағаттандырған. 2023 жылдың 26 қазанында Алматы қалалық соты бірінші сатыдағы шешімді өзгеріссіз қалдырды. 2024 жылдың 30 қаңтарында атқару парағы Алматының Әділет департаментіне жолданып, атқарушылық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта сот орындаушыларының қатысуымен нысанды сүру жұмыстары басталған.

Айта кеткен жөн, Алматыда өткен жылдың басынан бері 55 заңсыз нысан, оның ішінде «Мечта», KHAN, «Алма Гарден» тұрғын үй кешендері және басқа да нысандар толық немесе жартылай сүрілді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда тектоникалық жарықшақтарда орналасқан 71 үй бұзылатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар