Алматыда тегін 10 сотық жер беру тоқтатылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда енді жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдері бөлінбейді. Азаматтар тұрғын үй кешендері есебінен баспанамен қамтамасыз етіледі.
Бұл туралы Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы агенттік сауалына берген жауабында хабарлады.
– Қазіргі таңда Алматы қаласының Бас жоспары аясында қалалық инфрақұрылымның барлық бағытын дамытуға арналған бірінші кезектегі бағдарламаларды әзірлеу және жүзеге асыру көзделген. Бұл – көпқабатты немесе қабаты аз құрылысты дамыту, тұрғын үйлерді қайта жаңғырту. Аудандық нақты жоспар тұжырымдамасы ескі құрылысты сүріп, әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілерді дамытуға негізделген, - делінген жауапта.
Қала аумағында жеке тұрғын үй құрылысына арналған алаңдар қарастырылмаған.
– Осыған байланысты Алматы қаласында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін дайындалып, берілмейді және кезек жүргізілмейді. Бұл мақсаттарға бюджет қаражаты бөлінбейді, - деп хабарлады жер қатынастары басқармасы.
Сонымен қатар ведомство жауабына сәйкес, 2022 жылдан 2025 жылға дейін Алматыда жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдері берілмеген.
Еске салайық, бұған дейін Астана жеке тұрғын үй құрылысына тегін 10 сотық жер бөлінбейтінін жазғанбыз.