Елімізде биыл 1 мыңнан астам жер сілкінісі тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — Вице-премьер Қанат Бозымбаев Алматыға жұмыс сапары барысында азаматтық қорғау нысандарын аралап, сейсмикалық қауіпсіздік жүйелерінің жұмысымен танысты. Сапар қорытындысы бойынша ғимараттардың төзімділігін тексеру, жер сілкінісі туралы ерте хабарлау жүйесін жетілдіру және қауіпті аймақтарда құрылыс салуға бақылауды күшейту жөнінде тапсырмалар берді.
Қанат Бозымбаев Төтенше жағдайлар министрлігінің «Алатау» жедел мақсаттағы Оңтүстік базасында болып, құтқару бөлімшелері мен № 21 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің төтенше жағдайларға дайындығын тексерді.
Вице-премьер келесі жылы барлық күштер мен құралдарды жұмылдырып, ауқымды командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізуді тапсырды.
— Бөлімшелердің нақты жасақталуын және төтенше жағдайларға ден қоюға дайындығын тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде тексеру маңызды, — деді ол.
Сондай-ақ «Медеу» сейсмологиялық станциясында жер сілкіністерін бақылау жабдықтары мен ерте хабарлау жүйесінің жұмысымен танысты. Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығында қазақстандық-қытайлық бірлескен орталық құру жоспары талқыланды. Ол ғылыми зерттеулер жүргізуге, сейсмологиялық деректер алмасуға және ерте ескерту жүйелерін жетілдіруге бағытталады.
Алматының Төтенше жағдайлар департаментінде азаматтық қорғау күштерінің дайындығы қаралды. Вице-премьер 103,6 мыңнан астам өтініш қабылдаған 109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысын көріп, зардап шеккен тұрғындарды қабылдау пунктімен танысты. Қалада мұндай 384 пункт бар, оның 150-і мобильді қоймалармен жабдықталған.
Кейін Алматы әкімдігінде сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес өтті. Оған қала әкімі Дархан Сатыбалды мен салалық министрліктердің өкілдері қатысты.
Кеңесте Қазақстан аумағының шамамен 40%-ы сейсмикалық қауіпті аймақтарға жататыны айтылды. Жыл басынан бері 1 мыңнан астам жер сілкінісі тіркелген, оның сегізі 2–4 балл деңгейінде сезілген.
— Сейсмикалық қауіпті болжау мәселесінде заманауи тәсілдер қажет. Бұл жұмысқа цифрлық құралдарды белсенді түрде енгізу керек, — деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
Вице-премьер ғимараттардың сейсмикалық төзімділігін бақылауды күшейтуді, сейсмикалық қауіпті өңірлердегі нысандарды тексеруді және қауіп-қатерлердің цифрлық дерекқорын қалыптастыруды тапсырды. Сонымен қатар тектоникалық жарылымдар мен тау бөктеріндегі аудандарда құрылыс салуға тыйым салу қажеттігін атап өтті.
Төтенше жағдайлар министрлігіне сейсмологиялық мониторинг жүйесін жетілдіру, Mass Alert жүйесін енгізуді аяқтау және халықтың жер сілкінісіне дайындығын арттыру міндеттелді.
Бұдан бөлек, Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Тараз қаласының сейсмикалық аудандастыру карталарын әзірлеуді қаржыландыру мәселесін пысықтау, сондай-ақ қазақстандық-қытайлық зерттеу орталығын құру жұмысын жандандыру тапсырылды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда төтенше жағдайға дайындық қағаз жүзінде емес, іс жүзінде тексерілетінін жазғанбыз.