Алматыда тұрғын үй жанына заңсыз салынған нысандар сүріліп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Наурызбай батыр көшесі, 41 мекенжайда орналасқан тұрғын үйдің жанына заңсыз салынған екі қосымша нысан сот шешімімен сүрілетін болады.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, тұрғынның өтініші бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде тұрғын үйдің екі жағынан да қосымша құрылыстардың заңсыз салынғаны әрі жалпы пайдаланылатын аумақта рұқсат құжаттарының болмағаны анықталған.
— Меншік иесіне (жеке тұлғаға) қатысты әкімшілік шаралар қабылданды. Кейін Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен меншік иесі кінәлі деп танылып, оған әкімшілік айыппұл салынды және заңсыз салынған қосалқы нысандар мәжбүрлі түрде бұзылатын болды, — деп хабарлады әкімдіктен.
Меншік иесі қосалқы нысанның біреуін өз еркімен бұзған. Ал екінші қосымша құрылысты мәжбүрлі түрде сүру бүгін, сот шешіміне сәйкес, сот орындаушыларының қатысуымен жүріп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда заңсыз салынған тұрғын үй кешені бұзылып жатқанын жазғанбыз.