Алматыда түрікмен, ал Ашхабадта қазақ сауда үйі құрылады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы «Қазақстан Республикасы мен Түрікменстанда сауда үйлерін құру туралы» келісімге қол қою туралы» Үкіметтің қаулысы әзірленді. Құжат Ашық НҚА порталында орналастырылған.
Естеріңізге сала кетсек, 2024 жылдың 10 қазанында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркіменстанға ресми сапармен барып, ел Президенті Сердар Бердімұхамедовпен келіссөздер жүргізген еді. Келіссөздер қорытындысына орай БАҚ өкілдері үшін бірлескен брифинг барысында Мемлекет басшысы 2023 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 28 пайызға артып, жарты миллиард доллардан асқанын айтты.
— Биыл да оң динамика байқалады. Біз тауарлар номенклатурасын кеңейту және сауда-саттықты одан әрі өркендету үшін қолайлы жағдай жасау мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде келістік. Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін, ең алдымен, бидай жеткізу көлемін ұлғайтуға болады. Елімізге экспортты арттыруға және біздің нарықта ұзақ мерзімге тұрақтап қалуға түрікмен бизнесінің де әлеуеті жетеді. Екіжақты тауар айналымын таяу келешекте бір миллиард долларға дейін жеткізуге болады деп санаймыз, — деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыға орай әзірленген Үкімет қаулысы өзара сауда көлемін 1 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ тауар айналымын ұлғайту жөнінде қазақ-түрікмен жұмыс тобының қызметін жандандыру және тауарлар номенклатурасын кеңейту мәселелерін көздейді.
Келісім мақсаты — Алматы мен Ашхабадта сауда үйлерін құру арқылы Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту. Бұл өзара сауданы кеңейтуге, іскерлік байланыстарды жеңілдетуге және екі елдің нарықтарында ұлттық өнімнің ілгерілеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Келісімді іске асыру қысқа мерзімді перспективада (бір жылға дейін) сауда үйлерін тіркеуді және іске қосуды, көрмелерді ұйымдастыруды, логистика мен консалтингтік қызметтерді дамытуды, сондай-ақ тұрақты экспорттық-инвестициялық платформаны қалыптастыруды көздейді.
Айта кетелік Қазақстан мен Түрікменстан құқық қорғауда ынтымақтастықты нығайтып жатыр.