Алматыда тұрмыстық қоқыстың қанша пайызы қайта өңделеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Әлемнің көптеген елдерінде тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта пайдаға жарату үйреншікті үрдіс. Кей мемлекеттер тіпті бұл саланы пайда көзіне айналдырған.

Петропавлда қоқысты қайта өңдейтін кластер құрылады
Фото: pixabay.com

Ал Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың айтуынша, Қазақстанда тұрмыстық қоқыстың 25%-ы қайта өңделеді. Осы орайда, еліміздің ең ірі мегаполисі - Алматыда тұрмыстық қоқыстың қанша пайызы қайта өңделетінін нақтылау үшін қалалық экология және қоршаған орта басқармасына сауал жолдадық.

Ведомство жауабына сәйкес, Алматы қаласының аумағы тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және шығару жұмыстарымен 100 пайызға қамтылған. Қалдықтарды шығару қызметін 20 қоқыс шығару ұйымы жүзеге асырады. Олардың 283 бірлік арнайы техникасы жұмыс істейді.

- Күнделікті қала аумағында 1500 тонна шамасында қатты тұрмыстық қалдықтар шығады. Қала аумағынан жиналған барлық қоқыс 2018 жылы ашылған «Green Recycle» ЖШС-нің қалдықтарды сұрыптау кешеніне, сондай-ақ Алматы агломерациясы аумағында орналасқан полигондарға тасымалданады, - делінген басқарма жауабында.

Сондай-ақ ведомство бұрын қала аумағында жүргізілген зерттеулердің нәтижесімен бөлісті: тамақ қалдықтары – 47,5%, қағаз және картон – 12,7%, полимер материалдары – 9,8%, шыны – 9,7%, тоқыма бұйымдары – 4,9%, металл – 1,1%, өзге қалдықтар – 14,3%.

- Қоқыс шығару ұйымдары ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша қала аумағында 536 959,69 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар түзілген. Оның ішінде 79 961,96 тоннасы сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберілген. Қайта өңдеу үлесі - 14,9%. Осыған байланысты қалдықтардың жалпы көлемінің шамамен жартысын органикалық фракциялар, яғни тамақ қалдықтары мен өңдеуге жатпайтын қалдықтар құрайды, - деп хабарлады басқарма.

Жалпы Алматы қаласында қазір 10 қайталама шикізатты қабылдау пункті жұмыс істейді. Олар: 3 - EcoSen экостанциясы, 4 қайталама шикізатты қабылдау пункті, 3 - «Econetwork» Экохабы.

Одан бөлек «АҚ Тәртіп» ЖШС-нің контейнерлік алаңдарында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қоқыстың «құрғақ» түрлерін (пластик, қағаз, металл және т.б.) жинауға арналған 85-тен астам торлы контейнер орнатылған. Ал «FABRIQA» компаниясымен бірлесіп, халықтан тоқыма қалдықтарын жинау жобасы іске қосылды. Қала аумағында 23 экобокс бар. Сонымен қатар пластик және алюминий бөтелкелерін қабылдауға арналған 40 Sparklo фандоматы жұмыс істейді.

Еске салайық, Алматыда қалдықты энергияға айналдыратын алғашқы зауыт салынады. Зауыт тәулігіне 1 600 тоннаға дейін тұрмыстық қалдықты өңдеп, 60 мегаватт электр энергиясын өндіре алады. Инвестиция көлемі — 145 млрд теңгеден асады.

Соңғы жаңалықтар