Алматыда үстел теннисінен WTT Youth Contender турнирі өтеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 23-26 шілде аралығында Алматы қаласында WTT Youth Contender Almaty халықаралық турнирі өтеді.

Әлемдік додада 16 елден келген 235 спортшы бақ сынайды деп күтіліп отыр. Атап айтқанда, жарысқа Гонконг, Үндістан, Қатар, Қытай Тайбэі, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, БАӘ, Ресей, Сауд Арабиясы, АҚШ, Түрікменстан, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Жапония және Қазақстан өкілдері қатысады.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасының атынан түрлі жас санаттарында 86 теннисші сынға түседі.
Халықаралық үстел теннисі федерациясы (ITTF) және Дүниежүзілік үстел теннисі (WTT) аясында өтетін бұл турнир жасөспірімдер сериясының күнтізбесіне енгізілген және турнирде жинаған ұпай әлемдік рейтингідегі орынға тікелей әсер етеді.
Жүлделі орындар мынадай санаттар бойынша сарапқа салынады:
1. Ұлдар және қыздар, 11 жасқа дейінгі жекелей сын;
2. Ұлдар және қыздар, 13 жасқа дейінгі жекелей сын;
3. Жасөспірім ұлдар және қыздар, 15 жасқа дейінгі жекелей сын;
4. Жасөспірім ұлдар және қыздар, 17 жасқа дейінгі жекелей сын;
5. Жасөспірім ұлдар және қыздар, 19 жасқа дейінгі жекелей сын;
6. 15 жасқа дейінгі аралас жұптық сын;
7. 19 жасқа дейінгі аралас жұптық сын.
Турнир ADD Ustel Tennis Ortalygy спорт кешенінде өтеді. Көрермендер үшін кіру тегін болады.
Бұған дейін Анна Данилина Уимблдон турнирін жеңіспен бастағанын жазған едік.