Алматыда заңсыз салынған дәмхана бұзылып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Розыбакиев көшесі, 166 мекенжайында орналасқан дәмхананың заңсыз салынған жазғы террасасы бұзылып жатыр. Бұл туралы Қала құрылысын бақылау басқармасының өкілдері хабарлады.
Басқарма таратқан мәліметке сәйкес, жоспардан тыс тексеру барысында мамандар тұрғын емес ғимараттың қасбет жағынан рұқсатсыз салынған қосалқы құрылыстарды анықтаған.
Сонымен қатар, нысандар пайдалануға беру актісіз қолданылған.
— Тексеру нәтижелері бойынша акт шығарылғаннан кейін меншік иесі заңсыз нысанды ерікті түрде бұзуды бастаған, — делінген хабарламада.

Қазіргі таңда қосалқы құрылыстардың бірі толық бұзылды, ал меншік иесі екіншісін бұзуға кірісті.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда тау бөктерінде заңсыз салынған үш қабатты нысан бұзылып жатқанын жазғанбыз.