Алматыда заңсыз салынған тағы бір ғимарат бұзылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Ниязбеков көшесі, 30/1 мекенжайында орналасқан ғимарат сот шешімімен бұзылды. Бұл туралы Алматының қала құрылысын бақылау басқармасының өкілдері айтты. 

Алматыда заңсыз салынған тағы бір ғимарат бұзылды
Фото: Алматы әкімдігі

Бұдан бұрын жоспардан тыс тексеру барысында нысан иесіне (жеке тұлғаға) қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілген. 

– Алайда нұсқама талаптары орындалмағандықтан, басқарма заңсыз салынған нысанды бұзу туралы талап арызбен Жетісу аудандық сотына жүгінді. 2024 жылы 17 желтоқсандағы сот шешімімен талап арыз қанағаттандырылды, - делінген хабарламада. 

Алматыда заңсыз салынған тағы бір ғимарат бұзылды
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы сотының 2025 жылы 20 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды.

Қазіргі уақытта сот шешімін орындау аясында нысан иесі ғимаратты өз күшімен бұзды. 

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Абай даңғылы бойында, Сайран көліне жақын орналасқан құрылысы аяқталмаған биік ғимаратты бұзу жұмыстары басталғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар