Алматыда жаңадан төселген тротуар опырылып қалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жауын-шашыннан кейін жаяу жүргіншілер жолы зақымданды.
Қала тұрғыны желіде Жароков-Бұқар жырау көшелерінің қиылысында опырылып қалған төсемтас бейнежазбасын жариялады. Оның жазуынша, бұл плиталар жаяу жүргіншілер жолына қазан айында ғана салынған.
Аталған жағдайға байланысты Алматы әкімдігі түсініктеме берді. Ресми жауапқа сәйкес, төсемтастың шөгіп, опырылуына жаяу жүргіншілер өткелінің астынан өтетін құбыр диаметрінің тарлығы себеп болған.
Атап айтқанда, Б-3 үлгісіндегі арық одан әлдеқайда жіңішке темір құбырға жалғанған. Соның кесірінен нөсер жауын кезінде арнаға сыймаған су сыртқа жайылып, төсемтас астындағы топырақты шайып кеткен.
— Қазіргі таңда мердігер ұйым аталған ақауды жедел түрде жойып, тротуарды бастапқы қалпына келтіруге кірісті, — делінген жауапта.
Алматы әкімдігі бұл аумақты абаттандыру кезінде арықты, су өткізгіш темір құбырларды және жабық арық жүйелерін жөндеу не жаңарту жұмыстары жүргізілмегенін атап өтті. Бұған дейін мұнда тек тротуар салынып, төсемтас төселген.
Еске салайық, бірнеше апта бұрын Алматыда толассыз жаңбырдан жаңадан жөнделген жолдар зақымданғанын жазғанбыз.