Алматыда жеке тұрғын үйлер қашан тегіс газбен қамтылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 2027 жылға қарай жеке тұрғын үйлер 100% табиғи газбен қамтылады. Ал 2028 жылға қарай қалалық бағыттарда экологиялық таза қоғамдық көлікке толық көшу жоспарланған.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, 2026 жылдың соңына дейін 2-ЖЭО-ні табиғи газға көшіру жұмыстары аяқталады. Келесі кезеңде бу-газ технологиясын енгізе отырып, 3-ЖЭО-ті қайта жаңғырту жоспарланған. Бұл жылу көздерінен шығатын зиянды заттар көлемін 92%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

– Біз қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіріп, полигондарда көму тәжірибесінен терең өңдеу мен энергия өндіру арқылы кәдеге жаратуға көшеміз. Алматыда қалдықтарды басқару саласы көму тәсілінен терең өңдеу және энергетикалық кәдеге жаратуға кезең-кезеңімен ауысып жатыр. Жылына 80 мың тоннаға дейін пластик өңдейтін және жылына 150 мың тонна макулатураны өңдейтін зауыттар салу жоспарланған. Қайта өңдеуге жарамсыз қалдықтар энергия өндіру үшін жағылады. Ол үшін тәулігіне 2 мың тонна қалдықты өртейтін қоқыс жағу зауытын салу көзделіп отыр. Аталған шараларды іске асыру 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды өңдеу және кәдеге жарату үлесін 37% пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді, - деді Дархан Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда қалдықты энергияға айналдыратын алғашқы зауыт жобасы қай сатыда екенін жазғанбыз.