Алматыда жер сілкінді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бүгін, 2026 жылғы 4 маусымда сағат 21:22–де Алматы тұрғындары жер асты дүмпуін сезді.

Алматыда жер сілкінді
Фото: Анадолы

Қала тұрғындарының айтуынша, жер сілкінісі бірнеше секундқа созылған. Әлеуметтік желілерде алматылықтар дүмпудің көпқабатты тұрғын үйлерде анық сезілгенін жазып жатыр. Алайда жер сілкінісі кезінде тұрғындардың ұялы телефондарына төтенше жағдай туралы хабарлама келмеген.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының сейсмикалық станцияларының желісіндегі ақпарат өңделіп, эпицентр пен күші туралы мәлімет нақтыланып жатыр.

— Өзара іс-қимыл алгоритміне сәйкес тиісті мемлекеттік органдарға хабарланды, полиция департаментінің жедел кезекшісіне ақпарат жеткізілді, — делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін сейсмологтар Қырғызстан аумағында 5,0 магнитудалы жер сілкінісін тіркегенін хабарлаған едік.

ҚР ТЖМ «СБЗҰҒО» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі жер асты дүмпуі 2026 жылғы 4 маусымда Астана уақыты бойынша 21:19–да тіркелгенін нақтылады.

Жер сілкінісі ошағы Қазақстан аумағында Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай 316 шақырым жерде орналасқан.

Жер сілкінісінің координаттары: 44.547 с. е. 80.405 ш. б. Тереңдігі — 30 шақырым. Жер сілкінісінің сезілуі (MSK-64 шкаласы бойынша):

Жер асты дүмпуі Жаркент қаласында көбірек сезілген — 4 балл.

Ал Сарқан, Жансүгіров, Текелі және Шонжы елді мекендерінде — 3 балл.

Алматыда жер сілкінісінің есептік қарқындылығы 2 балл болды. Сондай-ақ дүмпулер Талдықорған, Қонаев, Талғар, Есік, Үшарал, Үштөбе, Сарыөзек, Кеген, Нарынқол, Үржар және басқа да елді мекендерде сезілді.