Алматыда жер сілкінісіне шыдамайтын ең осал нысандар — кірпіштен салынған үйлер
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты мегаполистегі ғимарттар мен тұрғын үйлердің жер сілкінісіне қарсы қауіпсіздік паспортын жасап жатыр. Оның аясында 16 700-ден астам нысан зерттеледі.
«ҚазҚСҒЗИ» АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ералы Шоқбаровтың айтуынша, 2017-2018 жылдары 10525 нысан тексерілді. Апаттың алдын алу мен зілзала жағдайында шығынға ұшырамас үшін жүргізіліп жатқан сейсмоаудит 2024 жылдың желтоқсанына дейін жалғасады.
Зерттелетін нысанның басым бөлігі — әлеуметтік ғимараттар. Одан бөлек, көппәтерлі тұрғын үйдің де жайы жан-жақты қаралады.
— 2017-2018 жылдар кезеңінде ҚазҚСҒЗИ сейсмикалық төзімділік тұрғысынан қаланың 10 158 объектісіне паспорттау жүргізді. Нәтижесінде 3 087 нысан сейсмикалық тұрғыда төзімді емес деп танылды. 2023-2024 жылдар бойынша 16701 ғимаратқа сейсмикалық аудит жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күні 10 мыңнан астам нысанның құжаты тексерілді. Мәліметер алынып, есеп-қисап жасалды. Алматы қаласы 9-10 балдық аймақ болғаннан кейін, зілзала кезінде қандай ғимараттар қирайды, қанша шығын кетеді — соның бәрі есептеледі, — дейді маман.
Спикердің сөзінше, Алматы қаласындағы құрылыс екі кезеңге бөлінді.
— Кеңес кезінде салынған және екіншісі — тәуелсіздік алғаннан кейін тұрғызылған ғимараттар. Кеңес кезіндегі үйдің бәрі типтік. Тоғыз қабатты панелді-қаңқалы үйлер. Бұл үйлер бойынша мәлімет жоқ. Сондықтан оларды паспорттау қажет болды. Яғни, оның құрылымын, салынған жылын, қандай ақауы бар — соны зерттейміз. Панельді-қаңқалы үйлердің бірінші қабатынан дүкен, дәмханалар ашып тасатаған. Осының бәрі ғимарат құрылымының әлсіреуіне әкеледі. Жоба бойынша онда қабырға болған, оны алып тастаған. Паспорттау кезінде осыны назарға аламыз. Жеті балдық жер сілкінісі болса, қандай ғимараттар бірінші қирайды, ол не үшін құлайды — осыған сараптама жасалады. Кейін Алматы қаласының әкімдігіне, төтенше жағдайлар департаментіне мәлімет береміз, — деп түсіндірді Ералы Шоқбаров.
Қорытындыға сәйкес, әкімдік тарапынан қажетті шаралар қолданылады.
— Мәселен, әлеуметтік нысандарға нығайту жұмысын жүргізеді. Ол қолға алынды. Ең алдымен кірпіштен салынған ғимараттарды нығайту қажет. Өйткені, кірпіштің сейсмикалық төзімділігі осал болып келеді. Алматыда 50-60 жылдары салынған мектептер бар. Оның бәрі кезінде құрылыс нормасына сай салынған. Бүгінгі күні құрылыс нормасы өзгерді. Ең соңғы өзгеріс 2021 жылы енгізілді. Оның бәрі нормаларды қатаңдатуға бағытталған, — дейді спикер.
Сонымен қатар, ол тұрғын үйге нығайту жұмысы жасалмайтынын тілге тиек етті. Оны бұзып, орнына жаңасын салған абзал.
Айта кетейік, Алматыда 2030 жылға дейінгі жаңарту бағдарламасының жобасы әзірленген.
Қалалық әкімдік әлеуметтік нысандардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып отыр. Былтыр 8 мектеп пен 1 балабақшаға сейсмикалық нығайту жұмыстары жүргізілген. Биыл тағы 11 ғимараттың құрылымы жақсартылады.
Еске салайық, былтыр Мемлекет басшысы Алматыда сейсмоаудит жүргізу жоспарын мақұлдаған болатын. Бұл шаһардағы нысандардың құжаттарын жаңартуға мүмкіндік береді.
Осыған дейін Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Алматыда жер сілкінісі болған жағдайда зардап шеккендерге арналған шатырлы қала болатынын жеткізген еді.