Алматыда жыл басынан бері 94 адам жол апатынан қаза тапқан
АЛМАТЫ. KAZINFORM — 2024 жылдың басынан бері мегаполисте жол апатынан 6504 адам зардап шегіп, 94 тұрғын қаза тапты.
— Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзуы. Осы жылы қалада адам өліміне әкеп соқтырған жол апаттары мен көлікті мас күйінде басқарған 120 жүргізуші ұсталды және қамауға алынды, – деді Алматы қаласы ПД Анықтау басқармасының басшысы Аян Абдраимов.
Айтуынша, Алматы қаласында жыл басынан бері 5 930 көлік апаты тіркеліп, соның салдарынан 6504 адам түрлі дене жарақатын алса, 94 адам көз жұмды.
Осыған дейін Алматы-Бішкек тас жолындағы жол апатынан 3 адам қаза тапқаны туралы жазған едік.
Сондай-ақ Алматы облысында жол ережесін бұзған 167 мыңнан астам адам анықталған болатын.
Еске салайық, Алматы облысының негізгі күре жолдарында 11 заманауи «Сұңқар» аппараттық-бағдарламалық кешені іске қосылды.