Алматыда жолаушылар троллейбусы өртенді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы Әуезов ауданында жолаушылар троллейбусынан өрт шықты.
Оқиға Әуезов ауданы Бауыржан Момышұлы мен Марғұлан көшелерінің қиылысында болған.
Алматы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, троллейбустың төбесіндегі электр сымдары жанып кетті.
Оқиға орнына өрт сөндіру есептоптары дереу жетіп, өртті дереу өшірді. Құтқарушылар келгенге дейін жолаушылар көліктен өздігінен шықты. Зардап шеккендер жоқ.
Еске салайық, Алматыдағы аса қауіпті инфекциялар орталығында өрт шыққан еді.