Алматыдағы автономды кітапханалар қаншалықты сұранысқа ие
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда автономды кітапханаларды қолдану үшін оқырман билетін алатын адамдар көбейген.

Алматыда биыл 24 автономды кітапхана іске қосылды. Алматы кітапханаларының оқырман билеті бар кез келген тұрғын бұл аппараттан кітап ала алады. Кейін алынған кітапты 24 автоматтың кез келгеніне немесе қалалық кітапханалар филиалына қайтаруы тиіс.
Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Мейрам Бектембаев Kazinform тілшісіне дербес кітапханалардың жұмысы мен кітап қоры туралы айтып берді.

Оның сөзінше, Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің құрамында 28 кітапхана-бөлімше бар. Одан бөлек қалада 24 автономды кітапхана жұмыс істейді. Олар халық көп шоғырланатын орындарда, соның ішінде метро станцияларында (Райымбек батыр, Жібек Жолы, Алмалы, Абай, Байқоңыр, Мұхтар Әуезов, Алатау, Сайран, Мәскеу), Медеу және Әуезов аудандық халыққа қызмет көрсету орталықтарында, «Спутник», «Атакент», «Азия Парк», «Silk Way», «Esentai», «Dostyk Plaza», «FORUM» сауда орталықтарында, сондай-ақ «SAIL» коворкингінде, № 97 гимназия-мектебінде, Түрксіб, Медеу, Алмалы және Алатау аудандарының комьюнити-орталықтарында орналасқан.
— Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітап қоры — 1 322 904. Қазіргі уақытта автономды кітапханалардың кітап қорында 541 атаумен 10 019 дана кітап бар. Оның 297 атауы қазақ, 241 атауы орыс тілінде, 3 атауы ағылшын тілінде. Орнатылған сәттен бастап оқырмандарға жалпы саны 3 394 дана кітап беріліп, пайдалануға ұсынылды, - деді ол.

Автономды кітапханалар орнатылған уақыттан бастап жаңа 2 868 оқырман тіркелген. Айтуынша, бұл кітап аппараттары іске қосылғаннан кейін оқырман билетін алушылар саны едәуір артқанын көрсетеді.
— Себебі автономды кітапханалардың жанында кітапхана қызметкерлері кезекшілік атқарып, кітап алғысы келген барлық қала тұрғындарына оқырман билетін жедел түрде рәсімдейді. Мұндай әдіс уақытты тиімді пайдаланып, қолайлы жағдай жасайды. 2025 жылы автономды кітапханалар санын көбейту жоспарланып отыр, - деді директор.
Сонымен қатар Мейрам Бектембаев бүгінге дейін автономды кітапханаларға зақым келтіру фактілері тіркелмегенін атап өтті.

Айта кеткен жөн, «Кітапхананы пайдалану және жұмыс істеу ережелеріне» сәйкес, автономды кітапханалардан оқырман кітапты үйге 15 күнге алып, мерзімді тағы 15 күнге ұзарта алады. Егер пайдаланушы баспа өнімін белгіленген мерзімде қайтармаса, кітапхана қызметкерлері онымен байланысқа шығады.
— Кітапты жоғалтып алған жағдайда, пайдаланушы оны баламалы түрде — құны мен шығарылған жылы бойынша тең келетін, кітапхана қорында сұранысқа ие басылыммен алмастыруы тиіс, - деді Мейрам Бектембаев.
Еске салайық, бұған дейін Нью-Йорк кітапханасына қазақтың танымал тұлғаларының кітаптары қойылғанын жазғанбыз.