Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінің бірнеше корпусы бұзылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының Бағанашыл шағын ауданындағы балалар үйін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. 

«Бағанашыл» балалар үйі
Фото: Алматы әкімдігі

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда жобаның іске асу барысы белгілі болды. 

— Жүргізілген техникалық тексеріс нәтижесінде әкімшілік және оқу корпустары, сондай-ақ спорт және акт залдары орналасқан ғимараттарды сейсмикалық тұрғыдан күшейту мүмкін еместігі анықталған. Осыған байланысты оларды бұзу туралы шешім қабылданып, қазіргі уақытта бұл нысандарды демонтаждау жұмыстары толық аяқталды, — деп хабарлады ведомство.

Жоба аясында жатын корпусын қайта жаңғырту, сондай-ақ жаңа оқу, спорт және әкімшілік ғимараттар мен асхана салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау көзделіп отыр.

Айта кетейік, «Бағанашыл» балалар үйінің ғимараты 2025 жылғы тамыз айында қаланың коммуналдық меншігіне өткен. Ал қараша айында қайта жаңғырту жұмыстары басталып, сол кезде ескі ғимараттың орнына заман талабына сай жаңа нысан салынатыны айтылған еді.

Қайта жаңғырту кезеңінде тәрбиеленушілер Алматыдағы № 2 арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына уақытша орналастырылды. Қазір онда 100-ден астам бала тұрып жатыр.

Еске салайық, 2025 жылы наурыз айында бұл балалар үйі төңірегінде дау шыққан болатын. Балалар үйінің тәрбиеленушілері видеоүндеу жасап, оларды Алматыдан Қонаевқа көшіруге қарсылық білдіріп, өздерін қалада қалдыруды сұраған.

Осыдан кейін Алматы облысының әкімдігі ресми мәлімдеме жасап, қазіргі тәрбиеленушілердің Алматыда қалатынын, ал енді қабылданатын балалар Қонаевтағы жаңадан салынған орталыққа орналастырылатынын хабарлаған.

Дегенмен араға бірнеше ай салып, әлеуметтік желілерде балалардың тағы бір видеоүндеуі тарады. Онда олар көшіру мәселесі қайта көтерілгенін айтып, алаңдаушылық білдірген.

Кейін әлеуметтік желілерде балаларды күштеп көшіруге әрекет жасалғаны түсірілген видео тарады. Онда балалар қарсылық танытып, бұл жайт қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Осыдан кейін Президенттің тапсырмасымен балаларды көшіру шешімі толықтай тоқтатылып, мән-жайды анықтау үшін қызметтік тексеріс жүргізілді.

Тексеру қорытындысы бойынша Алматы облысы әкімінің орынбасары және екі басқарма басшысы қызметінен босатылды.

Соңғы жаңалықтар