Алматыдағы Есентай өзені арқылы өтетін көпір 90%-ға дайын: Құрылыс қашан аяқталады

АЛМАТЫ. KAZINFORM- Алматыда Әл-Фараби даңғылы маңындағы Есентай өзені арқылы өтетін веложаяу жүргіншілер көпірлерінің құрылысын 2026 жылдың қазан айының соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Нысанның оңтүстік бөлігі дайын, ал солтүстік бөлігінің құрылысы 90%-ға аяқталған. 

Алматыдағы Есентай өзені арқылы өтетін көпір 90%-ға дайын: Құрылыс қашан аяқталады
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласы Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Олжас Шабданов редакцияның ресми сауалына жауап беріп, көпірдің оңтүстік жағындағы веложаяу жүргіншілер көпірінде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Қазір солтүстік бөліктегі көпірдің құрылысы жалғасып жатыр.

— Қазір солтүстік жағында орналасқан веложаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның дайындық деңгейі — 90%. Жобада көзделген барлық жұмысты 2026 жылдың қазан айының соңына дейін толық аяқтау жоспарланған, — деді ол.

Құрылысты аяқтау мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді

Есентай өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін қайта жаңғырту және жеке веложаяу жүргіншілер көпірлерін салу жұмыстары бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. 2025 жылдың күзінде Алматы мәслихатының депутаты Салтанат Серікова нысанды қайта жаңғыртуға 2021 жылдан бері бюджет қаражаты бөлініп келе жатқанын айтқан.

2023 жылы әкімдік негізгі көлік көпірін қайта жаңғырту және екі жеке веложаяу жүргіншілер көпірін салуды көздейтін келісімшарт жасасқан. Оның құны 2 миллиард теңгеден асады. Көлік көпіріне қатысты жұмыстар аяқталғанымен, веложаяу жүргіншілер инфрақұрылымын салу жұмыстары созылып кеткен.

Бастапқыда барлық жұмысты 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Кейін нысанды аяқтау мерзімі 2024 жылдың желтоқсанына, 2025 жылдың мамыры мен маусымына ауыстырылды. Кейін солтүстік веложаяу жүргіншілер көпірін 2026 жылдың мамырында аяқтау жоспарланды.

Алматыдағы Есентай өзені арқылы өтетін көпір 90%-ға дайын: Құрылыс қашан аяқталады
Фото: Алматы әкімдігі

Енді басқарма жаңа мерзімді атады — 2026 жылдың қазан айының соңы.

Редакция ресми сауалда құрылыс мерзімдерінің бірнеше рет кейінге шегерілу себептерін де сұрады. Ведомствоның мәліметінше, 2024–2025 жылдары жобалық құжаттамаға түзетулер енгізілген. Ал биыл 30 наурызда жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.

Құны 2,2 млрд теңгеден асады

Қазіргі таңда жұмыс жобасының жалпы құны — 2 миллиард 275,6 миллион теңге. Бас мердігер — «Golden City DS» ЖШС.

Басқарманың мәліметінше, қазір құрылыс алаңында 20 жұмысшы, бес инженерлік-техникалық маман және төрт арнайы техника жұмыс істеп жатыр.

— Жобаны толық аяқтап, нысанды пайдалануға беру үшін инженерлік желілерді, сыртқы жарықтандыруды және іргелес аумақты абаттандыру жұмыстарын аяқтау қажет, — деді Олжас Шабданов.

Еске салсақ, Есентай өзені үстіндегі көпір құрылысы кезінде қанша ағаш кесілетіні хабарланды.