Алматыдағы Көк базарды жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының ең көрнекті орындарының бірі - Көк базарды жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатқанын Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин айтып берді.

Оның айтуынша, бүгінге дейін базардың инженерлік желілері ауыстырылған. Бұл жұмыстарға 2 млрд теңге инвестиция тартылған. Биыл базар әкімшілігі сауда орнының қасбетін, ал келесі ішкі кеңістікті жаңартуды жоспарлап отыр.
Атап айтқанда, 2025 жылы 5300 м² базардың қасбеті және 1 автобус аялдамасы жаңартылады, 3160 м² аумақ абаттандырылады, велопаркинг жасалады. Жалпы 2023-2026 жылдары Көк базардыжаңғыртуға 6,7 млрд теңге инвестиция салынады.
- Көк базарға келетін туристердің көбейіп келе жатқанын байқап отырмыз. Сондықтан Көк базар мен Пушкин көшесін жаңғырту жобаларын біріктірдік, - деді Еркебұлан Оразалин.
Еске салайық, 2023 жылы Алматыдағы Көк базар жаңартылатынын жазғанбыз.