Алматыдағы крематорий жақын күндері жұмысын бастайды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы крематорийдің жақын күндері іске қосылатынын хабарлады.

Алматыдағы крематорий жақын уақытта іске қосылуы мүмкін
Фото: er-ai-construction.kz

Ведомствоның мәліметінше, 9 қаңтарда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде ҚР Ұлттық экономика министрлігінің жерлеу және қабірлерді қарап-күту ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін бұйрығы тіркелген.

— Қабылданған өзгерістер крематорийлердің қызметіне құқықтық негіз қалыптастырып, Қазақстан аумағында кремация рәсімін алғаш рет заңнамалық деңгейде жүргізуге мүмкіндік береді. Аталған бұйрық күшіне енгеннен кейін Алматыдағы крематорий өз жұмысын бастап, санитарлық және құқықтық талаптарды сақтай отырып, белгіленген тәртіпте қызмет көрсетеді, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар Алматы патологоанатомиялық бюросының бақылау кеңесі қазіргі уақытта кремация қызметтерінің баға тізімін бекітіп жатыр.

Қызмет тарифтері мен көрсету тәртібі туралы ақпарат Алматы патологоанатомиялық бюросының ресми сайтында қосымша жарияланады.

Еске салайық, Алматы әкімдігі 2020 жылы крематорийдің жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға тендер жариялады.

Ғимараттың құрылысы 2021 жылдың желтоқсан айында аяқталса да, 2022-2023 жылдардың аралығында нысанның ашылуы қайта-қайта шегерілді.

2024-2025 жылдардың аралығында крематорийді қарауына алатын ведомствоның анықталмауынан ғимарат тағы да іске қосылмады.

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев бюджеттен 1,5 млрд теңге жұмсап салынған крематорий Денсаулық сақтау министрлігіне керек болмай қалғанын айтты.

Ал Алматы әкімдігі крематорий құрылысын жүргізген мердігерді сотқа берген еді.

Соңғы жаңалықтар