Алматыдағы крематорий Денсаулық сақтау басқармасына берілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда бірнеше жылдан бері ашылмай тұрған крематорий болашағы қандай болмақ? Kazinform тілшісі анықтап көрді.
Алматы әкімдігі 2020 жылы крематорийдің жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға тендер жариялады.
Ғимараттың құрылысы 2021 жылдың желтоқсан айында аяқталса да, 2022-2023 жылдардың аралығында нысанның ашылу қайта-қайта шегерілді.
2024-2025 жылдардың аралығында крематорийді қарауына алатын ведомствоның анықталмауынан ғимарат тағы да іске қосылмады.
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв бюджеттен 1,5 млрд теңге жұмсап салынған крематорий Денсаулық сақтау министрлігіне керек болмай қалғанын айтты.
Kazinform агенттігі крематорийдің болашағын нақтылау үшін қайтадан Алматы әкімдігіне жүгінді. Ресми сауалға қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жауап берді.
Ведомство мәліметіне сәйкес, ҚР Премьер-министрінің 2025 жылғы 3 шілдедегі тапсырмасын орындау мақсатында крематорийді Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының «Қалалық патологоанатомиялық бюро» кәсіпорнына беру туралы шешім қабылданған.
– 2025 жылдың 17 қазанында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының «Қалалық патологоанатомиялық бюросы» мүлікті қабылдап алды. Қазіргі уақыта Алматы қаласы әкімдігінің «Алматы қаласындағы коммуналдық меншігінің кейбір мәселелері туралы» қаулысы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалында тіркелуде, - делінген басқарма жауабында.
Сондай-ақ ведомство барлық рәсімдер қазан айының соңына дейін аяқтаулы тиіс екенін мәлімдеді. Алайда крематорий ғимаратының қашан іске қосылатыны туралы нақты хабарлаған жоқ.
Еске салайық, былтыр Алматы әкімдігі крематорий құрылысын белгіленген мерзімде және толық аяқтамағаны үшін мердігер компаниядан сот арқылы 2,7 млн теңге өндіріп алды.