Алматыдағы өрт: зардап шеккендер қонақүйге орналастырылды

АЛМАТЫ.KAZINFORM — Алматы әкімдігі жеке үйде өрт болған оқиғаға қатысты пікір білдірді.

Алматыдағы өрт: зардап шеккендер қонақүйге орналастырылды
Фото: Алматы әкімдігі

Бостандық аудандық әкімдігі зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасына қолдау көрсету үшін жедел шаралар қабылдады.

Баспанасы өрттен зардап шеккен 9 адам қонақ үйге орналастырылды. Оларға заңгерлік көмек көрсетіліп, оның ішінде құжатын қалпына келтіруге жәрдем беріліп жатыр.

Аудан әкімдігі дін өкілдерімен бірлесіп, марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруды мойнына алды.

Бостандық ауданының әкімі жедел қызметтің жұмысын үйлестіріп, бірінші кезекте шешілуге тиіс мәселелерді реттеп жатыр.

— Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Отбасы үшін осындай ауыр кезеңде оларға барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Жағдай тұрақты бақылауда, — деп мәлімдеді Бостандық ауданы әкімдігінің өкілдері.

Көмек алу және өзге де мәселелер бойынша Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty бірыңғай байланыс орталығына 109 нөмірі арқылы хабарласуға болады. Байланыс орталығы демалыссыз, тәулік бойы жұмыс істейді.

Өрттің шығу себебі мен оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Барлық тиісті қызмет жедел режимде жұмыс істеп жатыр.

Еске салайық, Алматыда өрт кезінде 5 адам көз жұмды.

Содан кейін полиция өртке байланысты қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.