Алматыдағы Сәтбаев көшесі халықаралық стандарттарға сай жаңартылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Сәтбаев көшесін кешенді көркейту аясында жайлы әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістік құрылады. Бұл жұмыс Луганский көшесінен Байзақов көшесіне дейінгі ұзындығы 3,7 шақырым болатын аумақта жүргізіледі. Бұл туралы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының өкілдері хабарлады.

а
Фото: Алматы әкімді

Жоба қалалық ортаны қалыптастырудағы заманауи тәсілдер мен халықаралық тәжірибелерді ескере отырып әзірленген. Тұжырымдаманы британиялық LDA Design компаниясы дайындаған.

Жоба аясында ауқымды көгалдандыру жұмыстары көзделген. Атап айтқанда, ірі жапырақты және қылқан жапырақты ағаштар, бұталар мен көпжылдық гүлзарлар егіледі. Бұл көшенің тұрақты жасыл қаңқасын қалыптастырып, аумақтың экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

а
Фото: Алматы әкімді

Сондай-ақ, жарықтандыру тіректері жаңартылып, жаңа көріктендіру стандарттарына сай заманауи шағын сәулет нысандары мен арт-нысандар орнатылады.

Жоба аясында жаяу жүргіншілер қозғалысына басымдық берілген жайлы әрі қауіпсіз орта құруға ерекше мән берілген. Ең алдымен, кеңістік жаяу жүргіншілер үшін қолайлы етіп ұйымдастырылады. Сонымен қатар автокөлік қозғалысының да функционалдығы сақталады. Көше серуендеуге, демалуға және күнделікті пайдалануға ыңғайланып, қала тұрғындарының барлық санаты үшін қолжетімділік қағидаттары ескеріледі.

а
Фото: Алматы әкімді

Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, негізгі учаскелерде жүргіншілердің кедергісіз қозғалысы қамтамасыз етіледі. Алғашқы кезеңде жұмыс Республика алаңында басталып, 1 маусымға дейін аяқталады.

Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Сәтбаев көшесі транзиттік аумақ қана емес, заманауи, жасыл әрі адамға бағытталған қоғамдық кеңістікке айналады. Жаңартылған көше қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды демалыс және серуендеу орнына айналып, Алматының инвестициялық және туристік әлеуетін арттыра түседі.

а
Фото: Алматы әкімді

 

Соңғы жаңалықтар