Алматыдағы стадион халықаралық ойындарды өткізуге дайын – Серік Жарасбаев
АСТАНА. KAZINFORM – Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев «Қайрат» пен «Реал» командалары арасындағы ойынға қатысты бірқатар маңызды мәліметпен бөлісті.

«Қайрат – «Реал матчының билеттері қашан сатылымға шығатынын және бағасы қандай болматынын сұраған журналистерге жауап берген Серік Жарасбаев бұл мәселеде негізгі шешім қабылдаушы тарап – «Қайрат» футбол клубы екенін атап өтті.
– Қазіргі таңда билеттердің сатылымы туралы нақты ақпарат жоқ. Дегенмен алдын ала мәлімет бойынша, олар ойынға он күн қалғанда, яғни 20 қыркүйек шамасында сатылымға шығуы мүмкін. Бұл – «Қайрат» клубының құзырындағы мәселе. Билеттерді тарату мен бағаны бекіту құқығы да толығымен клубқа тиесілі, - деді ол.
Вице-министр жанкүйерлерді бейресми ақпарат көздеріне сенбеуге шақырды.
– Тағы бір маңызды жайт – ресми ақпарат тек Қазақстан футбол федерациясының сайтында, сондай-ақ «Қайрат» клубының ресми сайтында және әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланады. Жалған ақпарат таратушыларға сенудің қажеті жоқ, - деді Жарасбаев.
Сондай-ақ ол билет бағасы сұранысқа қарай белгіленетінін атап өтті.
– Қазіргі уақытта баға бойынша нақты сандар жоқ. Клуб бұл мәселеде қалыптасқан сұранысқа сүйеніп, баға саясатын реттейді. Шамамен 20 қыркүйекке қарай нақты бағасы мен билет саны белгілі болады деп ойлаймын, – деп түсіндірді спикер.
Брифинг барысында вице-министр матчқа арнайы шақыртулар да қарастырылғанын айтты.
– Халықаралық ұйым өкілдері, UEFA мүшелері және құрметті қонақтар үшін арнайы шақыртулар беріледі. Фан-клубтар үшін жеке секторлар бөлінген. Бұл тәжірибе бұрыннан қолданылып келеді және жүйелі түрде іске асырылады, - деді Жарасбаев.
Сонымен қатар ол матчқа 60-қа жуық БАҚ өкілі аккредитацияланатынын атап өтті. Нақты тізім жақын күндері клубтың ресми брифингінде жарияланады.
Матчтың өткізілуіне қатысты, алаңның дайындығы туралы сұраққа жауап берген Серік Жарасбаев Алматыдағы Орталық стадионның халықаралық деңгейдегі ойындарға толық дайын екенін жеткізді.
– Кейінгі өткен ойындар, соның ішінде «Селтикпен болған кездесу, стадионның толықтай дайын екенін көрсетті. UEFA стандарттарына сай барлық тексеру өткізілді. «Реалмен» болатын ойын алдында да стадион толық инспекциядан өтті. Барлық қажетті талап орындалды. Тек бір ойын емес, үйдегі 4 ойынды өткізу жоспарланып отыр, – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, ескертулер негізінен трибуналар мен УЕФА өкілдері орналасатын арнайы бөлмелерге қатысты болды. Бүгінде аталған кемшіліктер толық жойылған.
Бұған дейін, алматылық «Қайрат» 2025/26 маусымындағы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде «Реал Мадридпен» ойнайтынын жазған едік.
Еске сала кетейік, Алматы полициясы қала тұрғындары мен қонақтарын алдағы өтетін «Қайрат — Реал Мадрид футбол матчына билет сатып алу кезінде сақ болуға шақырған болатын.