Алматылық алты спортшы қысқы Олимпиадаға жолдама алды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — 2026 жылы Алматы спортшылары ірі халықаралық жарыстарға, соның ішінде XXV Қысқы Олимпиада ойындары мен Жазғы Азия ойындарына дайындықты бастады. Бұл туралы Алматы спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы айтты.
Оның сөзінше, қазіргі таңда Алматыдан Қысқы Олимпиада ойындарына қатысуға 6 лицензия бар. Олимпиада 6-22 ақпан аралығында Италияда өтеді.
Лицензия иеленген спортшылар:
- Михаил Шайдоров — мәнерлеп сырғанау,
- Евгений Кошкин — коньки спорты,
- Александра Скороходова,
- Ростислав Хохлов — тау шаңғысы спорты.
Сонымен қатар шаңғымен трамплиннен секіру спортынан Илья Мизерных пен Данил Васильев тағы алты лицензияға үміткер. Бұл спортшыларға қатысты ресми шешім 22 қаңтарда белгілі болады.
Бұдан бөлек, 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияда (Айти префектурасы, Нагоя қаласы) өтетін Жазғы Азия ойындарына да дайындық жүріп жатыр.
Алматыдан 23 спорт түрі бойынша 79 спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Оқу-жаттығу жиындары Еуропа, Азия елдері мен АҚШ аумағында өтіп жатыр.
Команданың басты мақсаты — алдыңғы Азия ойындарындағы нәтижеден асып түсу және спортшыларды 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына сапалы дайындау.
Еске салайық, бұған дейін 2026 жылғы қысқы Олимпиада бағдарламасында қандай өзгерістер бар екенін жазғанбыз.