Алматылық құтқарушылар тауда аяғын жарақаттап алған әйелді эвакуациялады
АСТАНА. KAZINFORM – Алматыда құтқарушылар аяғынан жарақат алған әйелді таудан эвакуациялады, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, оқиға «Проходное» шатқалында болған. 1975 жылы туған әйел таудан төмен түсіп келе жатып, аяғын жарақаттап, өздігінен қозғала алмай қалған.
- Оқиға орнына жедел түрде «БАУ» жедел-құтқару жасағының мамандары жетіп, зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Кейін ол «Космостанция» аумағына дейін жеткізіліп, жедел медициналық жәрдем қызметіне табысталды. Әйел №12 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді, - деп жазды ТЖМ баспасөз қызметінен.
ТЖМ азаматтарға тауға шығар алдында жеке тәжірибесі мен физикалық мүмкіндіктерін ескеріп, маршрутты алдын ала жоспарлау қажеттігін ескертеді.
Айта кетейік, Үшқоңыр тауларындағы ірі табиғи өрт сөндірілді.