Ақтөбеде қоршаған ортаны ластаған компанияға 1,2 млрд теңге айыппұл салынды
АСТАНА. KAZINFORM - Табиғат қорғау прокуратурасының тапсырмасы бойынша Ақтөбе облыстық экология департаменті «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ы филиалының қызметіне тексеру жүргізді, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Тексеру барысында, Шалқар ауданындағы Бозой жерасты газ қоймасында екі ұңғыма міндетті экологиялық рұқсатсыз бұрғыланғаны анықталды.
Заңға сәйкес, атмосфераға шығарындыларды шығару және өндірістік қалдықтарды орналастыруда қоршаған ортаға эмиссиялар үшін арнайы рұқсат қажет.
Рұқсатсыз эмиссиялар нормативтен жоғары деп танылады және белгіленген лимиттен артық жинақталған немесе көмілген қалдықтардың көлеміне қатысты он мың пайызы мөлшерінде айыппұл сала отырып, әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Тексеру қорытындысымен компанияға қатысты 1,2 млрд теңге айыппұл салу жөнінде 4 әкімшілік материал тіркелді.
Оның ішінде 20 млн теңге көлеміндегі айыппұлды кәсіпорын ерікті түрде төлеп, қалған 1,1 млрд теңгеден астам сома бойынша сотқа шағымданды.
Бүгінгі таңда компания 20 миллион теңге айыппұлды өз еркімен төлеп, қалған 1,1 млрд теңгеден астам сомаға қатысты сотқа шағым түсірді.
- Бірінші және апелляциялық сатылардағы сот шешімдерімен айыппұл салу туралы қаулылар күшінде қалдырылды. Заңға сәйкес, компания бір ай ішінде 1,1 млрд теңге көлемінде айыппұлдың қалған сомасын төлеуге міндетті. Айыппұлдар белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда, мәжбүрлеп өндіріп алу көзделген,-делінген хабарламада.
Осыған дейін ондаған адамға несие рәсімдеткен ақтөбелік емші жазасын екі жылдан соң өтейтіні туралы жаздық.