Алматылық жүргізушілерге LEZ аймағына кіргені туралы хабарлама келе бастады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда «Алматы тұрақтары» мобильді қосымшасында тіркелген жүргізушілер Төмен шығарындылар аймағына (LEZ) кірген сәтте push-хабарлама ала бастайды. 

Алматылық жүргізушілерге LEZ аймағына кіргені туралы хабарлама келе бастады
Фото: Алматы әкімдігі

Жаңа хабарландыру жүйесі — биыл 28 сәуірден бастап іске қосылған көлік легін цифрлық есепке алу инфрақұрылымын енгізуге бағытталған техникалық пилоттық жобаның бір бөлігі. Бұл туралы ШЖҚ «Алматы паркинг» КМК өкілдері хабарлады.

Хабарламалар аймаққа кіргені жүйе арқылы тіркелген көлік иелеріне жіберіледі. Хабарлама мәтінінде пилоттық режимде жұмыс істейтін Төмен шығарындылар аймағына кірген күні, www.almaty-parking.kz сайтының сілтемесі және +7 (727) 390 8000 байланыс нөмірі көрсетіледі.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, пилоттық жоба Бөгенбай батыр көшесінің оңтүстігі, Абай даңғылының солтүстігі, Желтоқсан көшесінің шығысы және Достық даңғылының батысы аралығындағы аумақта жүзеге асырылады.

Қазіргі кезде жүргізушілер үшін қозғалысқа ешқандай шектеу, айыппұл немесе жол жүру ақысы қарастырылмаған. Пилоттық жобаның негізгі мақсаты — технологиялық платформаның жұмысын сынақтан өткізу және қала инфрақұрылымының дайындық деңгейін бағалау.

— Пилоттық кезеңнің басты міндеті — арнайы бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу үдерісін бақылау. Оның ішінде көліктерді кешенді есепке алу жүйесі мен LEZ аймағына кіретін көлік легін талдау модулі қамтылады, — делінген хабарламада.

Техникалық пилоттық кезең биыл 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде аталған аумақтағы қозғалыс бұрынғы қалыпты режимде жүзеге асырыла береді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 28 сәуірден бастап төмен эмиссиялы аймақтың (LEZ) пилоттық жобасы іске қосылғанын жазған едік.