Алматылықтар қандай мәселе бойынша жиі шағым түсіреді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қала әкімдігі алматылықтардың өтініш-тілектерін қабылдауға арналған Open Almaty сервисі жұмысының 9 айлық қорытындысын жариялады. 

Алматылықтар қандай мәселелерге жиі шағым түсіреді
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылдың 1 қаңтарынан 30 қыркүйегіне дейін Open Almaty қоғамдық қабылдауына 173 518 өтініш келіп түскен. Олардың 69%-ы жауапты мемлекеттік органдарға жіберілмей, сол жерде шешімін тапқан.

Осы жылдың 9 айында тұрғындардың шағымы көктем кезінде көп болған. Бірінші тоқсанда (қаңтар, ақпан, наурыз) — 49 981 (29%), екінші тоқсанда (сәуір, мамыр, маусым) — 73 220 (42%), ал үшінші тоқсанда (шілде, тамыз, қыркүйек) — 50 317 (29%) өтініш түскен.

Қала тұрғындары тарапынан ең жиі шағым қоғамдық көлікке қатысты түскен. Барлығы — 13 361 өтініш. Бұл жалпы өтініштердің 21 пайызы. Одан кейінгі орындарда:

* Инженерлік желілер — 8 621 (13%);

* Жолдарды жөндеу — 8 321 (13%);

* Аумақты тазалау — 7 003 (11%);

* Көгалдандыру — 5 281 (8%);

* Жарықтандыру — 3 573 (5%);

* Басқа да мәселелер (жол қозғалысы, құқықтық тәртіп, ветеринария және т. б.) — 19 033 (29%).

Алматылықтар қандай мәселелерге жиі шағым түсіреді
Фото: Алматы әкімдігі

Ал қаланың 8 ауданы ішінде ең көп өтініш Бостандық ауданының тұрғындарынан түскен — 10 163 өтініш немесе 16%. Екінші орында 8 109 (13%) шағым түскен Медеу ауданы, ал үшінші орында Әуезов ауданы — 7 375 (11%). Одан бөлек Алатау ауданынан 6 373 (10%), Түрксіб ауданынан 6 141 (9%), Алмалы ауданынан 5 823 (9%), Наурызбай ауданынан 4 043 (6%), Жетісу ауданынан 3 742 (6%) өтініш түскен.

Еске салайық, бұған дейін Алматылықтар 1939 жылғы өрт сөндіру ғимаратының тарихи келбетін сақтауды өтінді.

Соңғы жаңалықтар