Алматылықтардың жарық мәселесіне қатысты шағымы 2,5 есе азайды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда сыртқы жарықтандыру жүйесі жаппай жаңғыртылып жатыр. Биылғы жеті айдың ішінде қаланың сегіз ауданында 21 600 жарық нүктесі қалпына келтіріліп, 230 шақырым кабель ауыстырылды, сондай-ақ жаңадан 1 225 жарық бағаны орнатылды.

Тұрғындардың жарық мәселесіне қатысты шағымдары былтырғымен салыстырғанда 2,5 есе азайып, биыл небәрі 8 445 өтініш түскен.
— Жыл соңына дейін қала көшелерінің жарықтандыру деңгейін 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр, — деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сейфуллин даңғылы бұрынғыдан екі есе жарық болды. Сәтбаев көшесінен Алматы-1 вокзалына дейінгі аралықтағы бағандарға екі шамнан бекітілген жаңа консольдар қойылды. Ұқсас жобалар Абай және Достық даңғылдарында, Наурызбай батыр, Сәтбаев, Брусиловский, Өтеген батыр көшелерінде де жүзеге асырылып жатыр.
Тимирязев көшесінде ескі шамдар жаңа LED-шамдарға ауыстырылып жатыр, ал бұрын жарық болмаған тротуарларға торшер бағандары орнатылды. Республика Сарайы алдындағы Абай алаңында да шамамен 1 шақырым кабель мен 50 шам жаңартылып жатыр.
28 гвардияшы-панфиловшы саябағында 250 шам орнына қуаты жоғары LED-шамдар қойылады. Шығыс айналма жолындағы шамдар қуаты күштірек үлгіге ауыстырылып, жарықтандыру деңгейі 20-дан 70 люксқа көтерілді. Ұқсас жұмыс Рысқұлов даңғылында да жүргізіліп жатыр.
Жалпы алғанда, қала әкімдігі мен «Алматы Қала Жарық» мекемесінің күшімен бұрын қараңғы болып келген көшелер мен тармақтарға 400 баған, 500-ден астам консоль және мыңға жуық жаңа шам орнатылды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 40 бригада жарықты тәулік бойы бақылайтынын жазғанбыз.