Алматының Алатау ауданына қашан жарық беріледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының Алатау ауданы 13 қараша күні кешкі уақыттан бері жарықсыз отыр. Бірнеше шағынауданды жарықсыз қалдырған ірі апаттан кейін электр энергиясын толық қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы аудан әкімі Данияр Қырықбаев хабарлады. 

Алматының Алатау ауданына қашан жарық беріледі
Фото: Алматы әкімдігі

Әкімнің айтуынша, 13 қараша күні шамамен 18:00–де 110 кВ № 124А және № 101А жоғары кернеулі желілерінде апаттық ажырату болып, бірнеше шағын аудан электр қуатынсыз қалған.

Мамандар түні бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп, сағат 00:15–те Л-101А желісі толық қалпына келтірілген. 14 қараша таңертең Саялы, Ақбұлақ, Зерделі, сондай-ақ «Софья», «Арена Парк» тұрғын үй кешендерінің тұрғындарына, «Ақкент» және «Дарабоз» кешендеріне жартылай жарық берілген.

Алайда Теректі, Алғабас, Нұркент, сондай-ақ Ақкент пен Дарабоздағы жекелеген үйлер әлі жарықсыз отыр.

Әкімнің мәліметінше, бүгін сағат 11:50–де жер асты кабеліндегі зақымданған бөлік анықталған. Қазір сол аумақта қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық қажетті материал мен техника жеткізілген.

Қазу жұмыстары аяқталғаннан кейін мамандар кабельді қосу және желіні қалпына келтіруге кіріседі.

Данияр Қырықбаевтың айтуына қарағанда, электр энергиясын толық беру уақыты алдын ала бүгін сағат 18:00 деп жоспарланған.

Аудан әкімі тұрғындардан түсіністік танытуды сұрап, апаттың жоғары кернеулі магистральдық желілерде болғанын, сондықтан қалпына келтіру қауіпсіз әрі сенімді болуы үшін уақыт қажет екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін 13 қараша күні 110 кВ № 124А және № 101А электр желілерінің апатты ажыратылуы тіркелгенін жазғанбыз.

Оқиға салдарынан бірқатар ірі қосалқы станция — ПС-162А «Алғабас», ПС-169А «Ақбұлақ» және ПС-123А «АТЭЦ-2» уақытша тоқтан ажыратылды.

Апаттың кесірі Алатау ауданындағы тұтынушыларға тиді. 

Соңғы жаңалықтар