Алматының ботаникалық бағында бәйшешектер гүлдеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының бас ботаникалық бағында галантус гүлі, яғни бәйшешектер гүлдеді.
Әлеуметтік желіде қар астынан шыққан нәзік гүлдердің бейнежазбасы жарияланды.
Ботаникалық бақтың баспасөз қызметі бәйшешектер гүлдеуі – көктемнің келуінің символы екенін атап өтті.
– Галантустар гүлдеді. Бұл нәзік ақ гүлдер көбінесе наурызгүл немесе бәйшешек деп аталады. Әр жыл сайын біз олардың пайда болуын асыға күтеміз. Міне, олар өткен жылы құлаған жапырақтардың арасынан абайлап шығып, қыс аяқталып келе жатқанын еске салды. Осы маусымда ең алғашқы гүлдерді біз қаңтар айында байқасақ, ал жаппай гүлдену тек қазір, ақпан ортасында басталды, - делінген бақ жазбасында.
Ботаникалық бақтың әкімшілігі галантустар өте нәзік болғандықтан, оларды басуға, жинауға болмайтынын еске салды.
Еске салайық, Қаратау баурайында көктем лебі сезіліп, бәйшешек гүлдей бастағанын жазғанбыз.