Алматының бірнеше ауданында жол опырылып, көліктер шұңқырға түсті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматылықтар әлеуметтік желіде жауын-шашын салдарынан бұзылған жолдардың бейнежазбаларын жариялап жатыр.
Тұрғындардың бірі бейнероликте Бұтақты шатқалына баратын жолдың бір бөлігі шөгіп, онда жүк көлігі батып қалғанын көрсетеді. Автордың айтуынша, осы жағдайдың себебінен көлік қозғалысы тоқтап, мұндап кептеліс қалыптасқан.
Аталған жағдайға «Алматы су» түсініктеме берді. Мекеме жауабына сәйкес, мұнда апаттық жағдайдағы сумен жабдықтау желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Бұл жұмыстар Мұзтау шағынауданын орталықтандырылған сумен қамтамасыз етеді. Ауыстырылатын желілердің жалпы ұзындығы — 2,5 км. Жол төсемін қалпына келтіруді 15 қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр, — делінген мекеме жауабында.
Сонымен қатар «Алматы су» ойылған, шұңқыр болған учаскелерге инертті материалдармен қайта топырақ себу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.
Осыған ұқсас жағдай Алматының басқа бөлігінде болды. Желі қолданушы жариялаған бейнежазбадан жеңіл көліктің астында асфальттың опырылып кеткенін көруге болады. Бейнеролик авторының айтуынша, 1-ші шағынауданындағы бұл жолда асфальт жақында ғана төселген.
Мәселеге қатысты тағы да «Алматы су» мекемесі жауап қатты. Ресми мәліметке сәйкес, мұнда «Алматы Су» тапсырысы бойынша мердігер — «ACM Construction» ЖШС инженерлік желілерді реконструкциялау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
— Бұл желілер 60–70 жылдары пайдалануға берілген және тозу деңгейі өте жоғары. Реконструкциялау жұмыстары сумен сенімді әрі үздіксіз қамтамасыз ету, тозған желілерді ауыстыру және ауызсу сапасын арттыру үшін жүргізіліп жатыр. Жобаны аяқтау мерзімі — 30 қазан, мұның ішіне жол төсемін қалпына келтіру де кіреді, — деп хабарлады мекемеден.
Сондай-ақ «Алматы су» өкілдері өтініште көрсетілген ескертулер бақылауға алынғанын және дереу жойылатынын мәлімдеді.
Полина есімді тағы бір тұрғын Алмагүл шағынауданындағы жағдайды әлеуметтік желіде бөлісті. Онда жолдың бірнеше жерден опырылып, шұңқыр пайда болғанын көруге болады. Тұрғын мұнда асфальт төселгеніне 2 аптадан аспағанын жазған.
Бұл бейнежазбаға түсініктеме берген «Алматы жылу желілері» ЖШС аталған учаскеде бұған дейін жылу желілерін қазуға байланысты апаттық жұмыстар жүргізіліп, олар аяқталған соң асфальт төсемі қалпына келтірілгенін хабарлады. Компания жауабына сәйкес, жауын-шашынға байланысты қалпына келтірілген учаскеде асфальт төсемі шөгіп кеткен.
— Қазіргі уақытта учаскені қалпына келтіру бойынша қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Асфальт төсемін қалпына келтіру жұмыстарын 12 қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр, — деп нақтылады «Алматы жылу желілері» ЖШС.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда LRT құрылысы жүріп жатқан Момышұлы және Төле би көшелерінде жол ойылды.