Алматының экология мәселесі қалай шешіледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыны қаланы дамыту бағдарламасында қоршаған ортаны жақсарту үшін шығарындыларды азайту жоспары бар. Бұл туралы Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында Ерболат Досаев айтты.

Алматының экология мәселесі қалай шешіледі
Фото: Александр Павский/Kazinform

Алматы тұрғыны экология мәселесін көтерді. Ол шаһар басшысынан қаланың экологиясын жақсарту бойынша әкімдіктің жоспарын сұрады.

– Алматының шешілмей келе жатқан кей мәселелері 1-2 жыл емес, жылдар бойы қордаланып қалды. Ол - шектен тыс құрылыс, жеке көліктің көптігі, көлік инфрақұрылымының дұрыс дамымауы. Бұл мәселелерді қаланы дамыту бағдарламасында енгіздік. 2025 жылы «Самұрық Энерго» компаниясымен бірлесіп ЖЭО-2 жаңғыртудың бірінші кезеңін аяқтаймыз. Келесі жылы түпкілікті аяқтау, басты міндетіміз. Бұл жағдайда біз шығарындыларды айтарлықтай азайтамыз. Газға көшу атмосфераға шығарылатын қалдықтарды 90%-ға немесе 34 мың тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді, – деді әкім.

Екінші міндет – көлік инфрақұрылымы мен қоғамдық көлікті дамыту.

– Жыл соңына дейін Райымбек пен Желтоқсан бойындағы BRT-ны аяқтаймыз, электр автобустарын жаппай сатып аламыз, алғашқы 200 автобусты сатып алдық. Жеке тасымалдаушылар тағы 200 қоғамдық көлік сатып алады. 2026 жылдың соңына дейін біздің барлық қоғамдық көлік экологиялық таза болады деп есептейміз. Сонымен қатар 2026-2027 жылдары Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейінгі радиалды жолдардың аяқталуы қаламыздың солтүстік аудандарындағы жүктемені жеңілдетеді деп күтілуде. Бұл біздің алдымызда тұрған міндеттер,  – деді қала басшысы.

Ерболат Досаев өзі де, балалары да өзгелер сияқты бір ауамен тыныс алатынын, экологиялық ахуалды жақсарту басты назарда екенін атап өтті.

– Жасыл Алматыға бағдарлама бойынша көшеміз. Сонымен қатар, жасыл желектер өте маңызды. Былтыр біз аудандарды автоматты суарумен және жаңа көшеттермен қамтамасыз еттік. Бұл - қылқан жапырақты емес, жапырақты ағаштар. Экология мәселесіне мен де уайымдаймын. Денсаулық сақтау басқармасы ауаның сапасына байланысты тұрғындар арасында аллергияның көбейгенін айтқан кезде, қатты алаңдаймын, – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда ауа сапасын ластайтын басты факторлар қандай екенін жазғанбыз

Соңғы жаңалықтар