Алматының орталығында заңсыз сауда нысандары бұзылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Достық даңғылы, 170/1 мекенжайында орналасқан заңсыз сауда нысандары бұзылды.
Қала құрылысы бақылау басқармасының өкілдерінің мәліметінше, жоспардан тыс тексеру барысында бұд аумақта қажетті рұқсатсыз бір қабатты үш нысанның құрылысы жүргізілгені анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша меншік иесіне құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтату, анықталған заңбұзушылықтарды жою және жер телімін бастапқы қалпына келтіру жөнінде нұсқама берілді.
— Алайда нұсқама талаптары орындалмағандықтан, материалдар Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданды. Сот шешімімен меншік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта өз бетінше салынған нысандар меншік иесінің күшімен толықтай бұзылды.
Қала құрылысы бақылау басқармасы құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертті.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Поддубный көшесі, 119-үй мекенжайында орналасқан заңсыз нысан бұзылғанын хабарлаған едік.