Алматының символы Көктөбе телемұнарасы қалай салынды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Kazinform агенттігі 105 жылдық мерейтойына орай жеке архивтен Көктөбе телемұнарасының құрылыс кезіндегі сирек фотосын жариялады.

көктөбе
Көктөбе мұнарасы салынып жатыр. Алматы, 1979 жыл. Фото: Рябоконь С.

Алматыға келген туристер міндетті түрде Көктөбе телемұнарасы бейнеленген кәдесыйларға кезігеді. Себебі өткен ғасырдың 80-ші жылдары салынған бұл нысан — Алматы символдарының бірі.

Оның құрылысы қалай жүргенін Kazinform тілшісіне Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қазақстан тарихы бөлімінің жетекшісі Константин Черепанов айтып берді.

Оның сөзінше, алдымен Қазақ АКСР, кейін Қазақ КСР астанасы болған Алматы қаласының сыртқы бейнесіне көп көңіл бөлінген. Әсіресе, қаланы жоспарлау және жаңа нысандар құрылысы Дінмұхамед Қонаев басшылық еткен жылдары ерекше қарқын алған.

Тарихшы Дінмұхамед Қонаевтың архитектуралық жобаларды тек қолдаумен ғана шектелмей, оларға қаржы көзін табуда маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өтті.

Сол кезеңде қаланың көркін арттыратын әрі телебайланысты күшейтетін телемұнараның құрылысы жоспарланған.

Алайда Константин Черепановтың пікірінше, нысанның тарихы оның құрылысы қолға алынған 1975 жылға дейін басталады.

— Көктөбенің тарихы 1967 жылдан басталады деуге болады. Себебі бүгінгі күні қолданылатын Республика сарайы мен Көктөбе саябағы арасындағы аспалы арқан жол сол кезде салынған. Бірақ ол кезде Республика сарайы болған жоқ, ол кейінірек салынды. Адамдар ол кезде өз бетінше демалуға барып тұратын. Себебі бүкіл қала көрінетін. Бірақ ешқандай ойын-сауық орындары, арнайы аймақ болған жоқ. Жалпы орналасқан жері ыңғайлы, жаяу баруға болады. Дегенмен, арқан жол ашылғаннан кейін онда адамдар легі көбейді. Сәйкесінше, ол жерде абаттандыру, көркейту жұмыстары басталды, — деді ол.

Алматы телебашня Коктобе Көктөбе телемұнара
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Телемұнара қалай салынды?

«Телемұнара неліктен дәл қазіргі тұрған орнына салынды» деген сұраққа тарихшы мұндай нысан үшін биік әрі кең аймақ керек болғанын айтты.

Телемұнара құрылысы 1975 жылы басталған. Бір жыл бұрын 1974 жылы жоба әзірлеуге байқау жарияланды. Сол тұста негізгі жоба ретінде екі ұсыныс қарастырылған.

Ол бойынша телемұнара екі аяғы бар, яғни екі тіреуі бар темір құрылым ретінде салынуы керек еді.

— Сол жылдары ұсынылған алғашқы телемұнара жобаларына қарасақ, ол үлкен жәндікке ұқсайды. Меніңше, бұл жобалардың іске аспағаны жақсы болған. Оның орнына қазіргі құрылым жобасы ұсынылды. Іргетасының ауданы — 51х66 метр болды. Оған 19 метрлік цилиндр (қабырғасы 2 метр) қойылған. Оның үстінде мұнара мен антенна тұр. Ғимараттың ерекшелігі — осы темір цилиндрді қосқанда іргетастың салмағы 65 тоннаға жетсе, мұнараның қалған бөлігі небәрі 5 тонна болады. Бұл нысанның сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Одан бөлек, телемұнарада сейсмикалық қозғалысты қабылдайтын 4 құрылым жасалған. Әрқайсысының салмағы — 10 тонна. Яғни, жер дүмпуі кезінде олар сейсмикалық күшті өздеріне қабылдап, телемұнараға зақым келуіне не құлауына жол бермейді. Телемұнараның сейсмикалық төзімділігі 10 баллға дейін барады, — деді Константин Черепанов.

а
Фото: Константин Черепановтың жеке архивінен

Мұнара жобасының архитекторлары — Терзиев, Савченко және Акимов. Нысанның жоспарлау жұмысына Мәскеудің үш ұйымы мен «Проектстальконструкция» орталық ғылыми-зерттеу институтының Қазақстандағы филиалы қатысқан.

Мұнара конструкцияларын «Казмонтажстройдеталь» және «Казстальмонтаж» дайындап, құрастырған.

Мейрамхана мен шолу аймағы

Нысан 1984 жылдың 1 маусым күні іске қосылды. Сол кезде бұл нысан әлемдегі ең биік телемұналар арасында 4-орында болды. Қазір 14-орынға түскен.

Антеннаны қосқанда биіктігі — 371 метр. Оның ішінде іргетас үстінен салынған алтыбұрышты құрылым — 248 метр, антенна — 123 метр. Одан бөлек телемұнараның 146 метр және 252 метр биіктіктерінде сақина тәріздес екі құрылым бар.

— 1984 жылы телемұнара ашылған кезде Көктөбе саябағы да пайда болды. Көптеген адам телемұнараға саябақтан барады деп жоспарланды. Өйткені нысанның бірінші сақинасында мейрамхана және шолу алаңы ашылу керек еді. Екінші сақинада техникалық қызмет атқарылады, — дейді Ш. Уәлиханов атындағы институт маманы.

Алайда телемұнара әу баста жоспарланғандай туристерді қабылдамаған. Себебі телемұнара іске қосылған 1-2 айдан кейін нысанда кабельдер өртенді.

— Бұл өрт Көктөбе мұнарасына келушілер үшін толықтай жапты деуге болады. Себебі төтенше жағдай кезінде мұнарада адамдардың эвакуациялық шығу жолдары алдын ала қарастырылмағаны анықталды. Сондықтан мейрамхана мен шолу аймағы қолданысқа берілген жоқ, — деп нақтылады тарихшы.

Көктөбе
Фото: Алматы әкімдігі

Мұнараның заманауи келбеті

Константин Черепанов Көктөбе телемұнарасы туристік орталыққа айналмағанымен, өзінің тікелей міндетін жылдар бойы атқарылып келе жатқанын және оның сыртқы бейнесінің өзі Алматыға көрік бергенін атап өтті.

— Өте ыңғайлы орынға салынған. Бір жағынан функциясын атқаруға қолайлы, екінші жағынан телемұнара бірден қаланың көркіне айналды. Биік тұрғын үйлер жоқ кезде мұнара қаланың кез келген бөлігінен көрінетін. Сондықтан ол Алматының символына айналды, — деді тарихшы.

Еске салайық, 2023 жылы Көктөбе телемұнарасы жарықтандырылатыны белгілі болды. Телемұнараны жарықпен жабдықтау жобасы 1,2 млрд теңгеге бағаланды. 

Осылайша 2024 жылы «Көктөбе» телемұнарасында жарықтандыру технологиясы жұмыс істей бастады.

Қазіргі уақытта «Көктөбе» телемұнарасында басқарылатын медиа қасбеттер орнатылған. Осыған ұқсас технология Нью-Йорктегі Empire State Building ғимаратын және Дубайдағы Бурдж-Халифа зәулім ғимаратын жарықтандырады.

Мереке күндері нысанда мультимедиалық бейнеролик қосылады. Мысалы, былтыр Тәуелсіздік күніне орай Көктөбе телемұнарасында еліміздің көк туы жарқырап тұрды.

Көктөбе телемұнарасы
Фото: 7kun.kz

 

Соңғы жаңалықтар