Алматының тау бөктеріндегі өрт: әкімдік қазіргі жағдайды баяндады

АСТАНА. KAZINFORM — Кеңсай шағын ауданында тұтанған өрт 22:39 шамасында ауыздықталды. Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды өрт жағдайын бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды қала әкімдігі.

Баянауыл ұлттық паркіндегі өрттің себебі анықталды
Фото: Видеодан алынған скрин

Оқиғаның барысы туралы Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға дер кезінде хабарланып отырды. Қала басшысының тапсырмасымен оқиға орнына қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов барды.

— Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетіп, ең әуелі тілсіз жаудың тұрғын үйлерге таралуына жол бермеуге күш салды. Сағат 22:39-да өрт оқшауланды, халыққа төнген қауіп жоқ. Қазір өрттің соңғы ошақтарын сөндіру жалғасып жатыр. Барлық қажетті күш-құрал жұмылдырылды, оған коммуналдық қызмет пен арнайы техника да тартылған, — деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов. 

Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2025 жылы 25 шілде күні сағат 19:53-те Медеу ауданына қарасты Кеңсай шағынауданында, Сәрсенбаев көшесінің бойында құрғақ шөп тұтанып, өрт шыққаны туралы хабарлама жедел басқару орталығына келіп түскен. Алдын ала есеп бойынша қызыл жалын шамамен 15 гектар жерді шарпыған. Өртті сөндіруге Алматы қаласы ТЖД-ның 58 қызметкері мен 13 техникасы жұмылдырылды. Бұған қосымша жергілікті билік тарапынан тағы 6 су таситын көлік пен 6 қызметкер көмекке тартылған. Сәрсенбаев көшесі бойындағы жеке тұрғын үйлерге өрттің таралу қаупі жойылды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Соңғы жаңалықтар