Алматыда жер астына қала салу керек – сейсмологпен сұхбат

Мұхтар Хайдаров
Фото: М. Хайдаровтың жеке мұрағатынан

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласы 9-10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сәйкес, шаһарда жыл сайын 200-ге дейін әлсіз сезілмейтін жер сілкіністері тіркеледі. Ал биыл қаңтар мен наурыз айларында болған 5 балдық жер дүмпуі мегаполистегі сейсмикалық қауіпсіздік мәселесіне аса мән беру қажеттігін тағы бір көрсетті. Осы орайда, сейсмолог, физика-математика ғылымдарының кандидаты Мұхтар Хайдаровпен әңгімелесудің сәті түсіп, тәжірибелі маманнан Алматыда қауіпсіздікті қалай күшейтуге болатынын сұрадық.

- Сұхбатты созбай, қақ ортасынан бастасақ. Жер сілкінісіне шыдайтын Алматыдағы ең қауіпсіз ғимараттар қандай?

- Меніңше, қазіргі Алматы қаласы әкімдігінің ғимараты - қаладағы ең сейсмикалық қауіпсіз нысан. Себебі, бұл - жай ғимарат емес, арнайы жобамен салынған. Екінші, ол, әрине – «Қазақстан» қонақ үйі. Ал өзге көпқабатты үйлер туралы ештеңе айта алмаймын. Егер құрылыс талаптарын сақтап, аса биік салмай, қыста емес, жаздыгүні құрылыс жүргізсе, ғимараттар тұра береді. Біз жер сілкінгенде биік ғимараттардан қашсақ, жапондықтар керісінше көпқабатты үйлерге жүгіреді. Себебі, оларда әрбір 10 қабат сайын механикалық айналма жасалады.

- Көпқабатты тұрғын үйлерде сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қандай жаңа жолдары бар?

- Алматыда қисық үйлер болды ғой. Бұл тұрғын үйдің астына бір қабат жерасты автотұрағы, бір қабат жертөле салынғанда, үстіндегі үй қисаймайтын еді. Бюджеті аздау үйлер жер дүмпуі болмаса да, айдың-күннің аманында қисайып кетеді. Бұл, әрине, дұрыс емес. Үйдің тамыры болмаса, қалай тұрады ол? Сондықтан 10 қабатты үй салғанда кемінде 2 қабат жерасты автотұрағын қоса салу керек. 16-20 қабатты үй болса, жерасты тұрағы 3 қабат болсын дер едім. Қазіргі биік үйлердегі басты іргетасы сол болып тұр. Әрине, керемет емес. Бірақ бүгінгі жаппай құрылыс жүріп жатқан уақытта жерасты автотұрақтарының болуы – жақсы шешім.

- Алматы қаласының әкімдігі ақпан айында Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы құрылатынын хабарлады. Жаңа басқарма шаһар қауіпсіздігін қаншалықты күшейтеді деп ойлайсыз?

- Менің пікірім – Президент тапсырма бергенсін жергілікті атқарушылар кеңес, басқарма, комиссия құра береді. Бірақ, бұл – бюрократиялық жауап. Ал шын мәселе қаланың Бас жоспарында. Біздің қаланың бас жоспары өте асығыс жасалған. Онда қателер мен кемшіліктер көп. Мен осы құжатты талқылау жиналыстарының біріне қатыстым. Маған аса ешкім сөз берген жоқ, бірақ бір-екі рет микрофон қолыма тиді. Сонда «биік үйлер тығыз-тығыз салынып кетті, енді адамдар тығылатын жер болуы үшін LRT емес, метро салайық» деп айтқанмын. Себебі, жер үстінде дүмпу 9 балл болса, метро ішінде 2-3 балл болады, бұл - физика. Сондықтан метро станцияларын көбейту қажет. Сондай-ақ жер астында базар, медициналық пункт, қоймалар ашу керек. Жер сілкінсе халық қайда кетеді? Әсіресе, қыста. Ал жер астында 7-10°C жылы болады. Бізде «Жерасты құрылыстарын салу» деген мамандық болған. Сондай мамандарды шақырып, жер астында қала салу қажет. Жай ғана жерді қаза салған болмайды.

- Қалада сейсмикалық жаттығуларды қаншалықты жиі өткізу қажет?

- Сейсмикалық жаттығулардың пайдасы бар. Бірақ оны дұрыс ұйымдастыру қажет. Мұндай жаттығулардың маңызы, меніңше, адам төтенше жағдайда өзі баратын жерді білуі керек. Тұрғындар балаларын алып, асықпай қабылдау пунктіне барса, ертең бірдеңе бола қалғанда қалай болса да сол жерге жетеді. Өйткені, кинодағы секілді қираған ғимараттардың арасынан барлық адамды шығарып алу мүмкін бола қоймас. Қазір құтқарушылар әкімдіктің өзіне жетпейді. Жалпы жыл сайын 3-4 рет сейсмикалық жаттығу өткені дұрыс. Тым жиі боп кетсе, адамдардың бойы үйреніп қалады да, «ой, у-шу» деп жүре береді.

Айта кетейік, Алматыда биыл 23 қаңтарда түнгі уақытта және 4 наурыз күні 5 балдық жер сілкінісі болған еді.

Соңғы жаңалықтар