Алматы қаласы мен Ақтөбе облысы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды
Кездесу барысында ақтөбелік тарап Алматыға құрамында сүт, қышқыл сүт, ет, кондитерлік өнімдері бар әр түрлі тауарларды тікелей жеткізіп тұруға дайын екендіктерін мәлім етті.
Осыдан кейін, Алматы қаласы мен Ақтөбе облысы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Бұл келісім тауар өндірушілер мен сатып алушылар арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Сәйкесінше тауарлардың бағасы арзандай түседі деген сөз.
«Алматыда Елбасы Н. Назарбаевтың қазақстандық мазмұнды арттыру бойынша тапсырмасы ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Біз осымен еліміздің сегізінші өңірімен арада ынтымақтастық орнатып жатырмыз. Ақтөбе облысы аумағы жөнінен Қазақстанда екінші орынға ие өңір. Мұнда ауыл шаруашылығы саласы мен өнеркәсіп саласы жақсы дамыған.
Статистикаға жүгінсек, Алматыға 2015 жылы 300 млрд теңгеге азық-түлік өнімдері, 51 млрд. теңгеге аяқ киімдер, 23 млрд. теңгеге жиhаздар жеткізілді. Яғни, Ақтөбе облысында өндірілетін тауарлардың барлығы дерлік Алматыда сұранысқа ие. Жалпы, Алматы мен Ақтөбе облысы бір-біріне ешқашанда бәсекелес болған емес және болмайды да. Біз тек бірыңғай қазақстандық өнеркәсіптік кластердің ажырамас бөлігі ретінде бір-бірімізді толықтырып отырамыз», - деді өз сөзінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов.
Бүгінгі кездесу аясында Ақтөбе облысының оннан астам азық-түлік және өнеркәсіптік компанияларының тауарлары бойынша көрме ұйымдастырылды. Оған сұранысқа ие сапалы және экологиялық жағынан таза азық-түлік өнеркәсіптік өнімдер қойылды.
Сонымен қатар, отандық тауар өндірушілердің өнімдерін Алматы қаласының сауда кәсіпорындарының талаптарына сәйкестендіру бойынша шеберлік сыныптары өткізілді. Одан соң, ақтөбелік тауар өндірушілер Алматының ірі сауда орталықтарында болып, тауарлардың қапталу ережелерімен танысты.
Меморандум аясында ақтөбелік тауарлар осы айдың соңына қарай Алматының сауда орындарына шығарыла бастайды.