Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаментінде 207 бос қызмет орны ашылды
«Байқау ертең басталады. Негізі бізге штатқа жаңа 298 бос қызмет орны берілген болатын. Жұмысқа қабылдаудың бірінші кезеңі биыл наурыз айында өтті. Күні бүгінге дейін 100 адамды қабылдап қойдық. Енді тағы да 207 бос қызмет орны қалды. Олар: психолог, тыл қамтамасыз ету тобының инспекторы, өрт сөндіруші-құтқарушы, өрт сөндіру көліктерін жүргізуші, радиотелефонист, кадрлар тобының кіші инспекторы сынды мамандықтар қалды. Үміткерлердің жас мөлшері 18 бен 25 жастың аралығында болуы тиіс», - деді өз сөзінде өртке қарсы қызмет полковнигі Е. Нүрпейісов.
Сонымен қатар, ол мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына қызметке тұруға үміткерлерге тиісті талаптар қойылатындығын жеткізді.
«Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау органдары туралы» Заңына сәйкес, құқық қорғау органдарының қатардағы немесе кіші басқарма құрамына 25 жастан аспаған, жоғары білім алған, әскери қызметін өтеген немесе Қорғаныс министрлігінің арнайы ұйымдарының әскери-оқу дайындығынан өтіп резервте тұрған, сонымен қатар әскери қызметтен босатылған немесе кейінге қалдырылған азаматтар қабылданады. Құқық қорғау қызметіне орналасудың артықшылықтары жетерлік. Мысалы, біздің қызметкерлер еңбек өтіліне 25 жыл толған соң зейнетке шығады. «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасына қатыса алады. Ал жалақыға келетін болсақ, қызметке тұрғаннан бастап алғашқы жалақының көлемі 60 000 теңгеден жоғары болады», - деді Е. Нүрпейісов.
Айта кетелік, жоғарыдағы бос қызмет орындары Алатау ауданында екі жаңа өрт сөндіру бөлімшесінің іске қосылуына байланысты туындап отыр. Сонымен қатар, байқаудың алғашқы кезеңінен өткен үміткерлер әскери медициналық комиссияның тексеруінен өтеді. Одан кейін ҚР бес заңы бойынша тест және дене даярлығы бойынша сынақ тапсырады.