Алматы маңында 5 қар барысы мекендейді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Бостандық, Медеу аудандарының аумағында қар барыстары мекен етеді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне териология зертханасының меңгерушісі, Зоология институтының қар барысы мониторинг орталығының басшысы Алексей Грачев айтты.

«Іле Алатауында өмір сүретін 40 қар барысының 23-і Алматыдан 30 шақырым жерде, бесеуі қаланың Бостандық және Медеу аудандарының аумағында мекендейді»,- дейді ғалым.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда қар барысының саны өсіп жатыр.

«Мысалы, 90-жылдардың басында қар барысы тек Ақсу-Жабағылы мен Алматы қорықтарында болды. Қазіргі таңда елімізде 10-нан астам ұлттық саябақ бар. Олардың бәрінде қар барысы бар. Яғни, қазір олар көбею үстінде. Егер 80-жылдары 200 қар барысы болса, 90-жылдардың басында олардың саны 100-ге дейін азайды, бүгінгі күні біздің бағалауымызша олардың саны 140-180 басқа жетті», - деді Алексей Грачев.

Қар барысы аталғанымен бұл жыртқыш құрғақ, қарайған жерлерді жақсы көреді.

«Жемтігін аулау үшін қар барысына көп энергия қажет. Көбіне жасайтын аңшылығының 10-нан біреуі ғана сәтті болады. Себебі, қатал жағдайда өмір сүреді. Күшін үнемдеу үшін құрғақ жерлерде жүреді»,- деді спикер.

Қар барысы жүруі мүмкін жерлерге фототұзақтар қойылады.

«Қар барысының бойы биік емес. Биіктігі - 50 см, яғни, жарты метр болады. Сондықтан біз олар жүреді-ау деген жерлерге қарама қарсы екі фототұзақты орнатамыз. Қар барысын толық бейнеде суретке түсіру үшін фототұзақты тым төмен немесе тым жоғары орнатпау керек. Фотоға барыстың басы, аяғы, құйрығы түсуі керек. Сәтті суреттерді біз сараптап, терісіндегі дақтары арқылы бір-бірінен ажыратып, олардың әрқайсысына құжат ашып, бақылау жүргіземіз»,- деді спикер.

Қар барысын аулаймын деген браконьерлер 3000 АЕК көлемінде жазаланады.

«Егер браконьер ұлттық саябақтың аумағында бұл қылмысты жасаса, жоғарыда аталған сома пәленбай есе ұлғаяды. Бұл қылмыстық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін»,- деді спикер.

Айта кетейік, бүгін - Халықаралық қар барысы күні. Олар Қазақстанның сирек кездесетін ірі жыртқыштарының бірі, 1978 жылы еліміздің Қызыл кітабына енгізілген.


Соңғы жаңалықтар