Алматы облысының полицейлері қаруланған қылмыстық топты ұстады
Оның құрамында алты адам болған. Үшеуі отандастарымыз, тағы үшеуі Қазақстан аумағында заңсыз жүрген Қарақалпақстан тумалары.
Қылмыскерлер Алматы облысы мен Алматы қаласында тонау және ұрлықпен айналысқан. Қазіргі уақытта топтың барлық мүшелері ұсталып, Қарасай аудандық ІІБ қамалды.
Материалдық шығын көлемі әзірге анықталмады. Алайда полицияның айтуынша, аймақ тұрғындарына олар бірнеше миллион шығын әкелген.
Тергеу барысында қараша және желтоқсан айларында Қарасай ауданында олар жасаған қылмыстарға ұқсас шабуылдардың жасалғаны анықталды. Сезіктілер қарумен қорқытып, зергерлік бұйымдар, ақша, қымбат ұялы телефондарды ұрлаған. Жапа шегушілерді скотчпен байлаған.
Зәбірленушілердің бірі, жасы егде әйелдің бетінен травматикалық қарумен атқан. Бизнесмен жанұясына шабуыл жасағанда, қожайынның кәмелет жасқа толмаған баласын ұрып тастаған.
Тәртіп сақшылары күдіктілердің ізіне түсіп, оларды Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында ұстады. Ұсталғандардың Қарасай ауданында тіркелген 2 бұзақылық шабуыл, 7 ұрлық пен 1 бұзақылыққа қатысы бар екені дәлелденді.
Дәйек ретінде сезіктілерден жапа шеккендердің заттары мен травматикалық тапанша тәркіленді.